Павлодарда қарсы жолаққа шыққан автобус жүргізушісі жазаланды

Бұл туралы полицияға қала тұрғыны «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы хабарлаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жуырда «Police 102» қосымшасына бір тұрғыннан хабарлама келіп түскен.
– Мен автобустың артынан келе жатқанмын. Кенеттен бұрылыстан кейін автобус қарсы жолаққа шығып, менің жолымды кесті. Егер мен жылдам әрекет етпесем, апат болар еді. Автобус жүргізушісі бұрылыс сигналын да қоспаған, – деп жазған тұрғын.
Ведомствода атап өткендей, бұл жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, материал сотқа жіберілген. Көлік айып тұрағына қойылды. Жыл басынан бері Павлодар полицейлері қарсы қозғалыс жолағына шығудың 253 фактісін анықтап, барлық материалдар сотта қаралған.
Қарсы қозғалыс жолағына шығу ең қауіпті бұзушылықтардың бірі болып саналады. Полиция қоғамдық көлік жүргізушілерінен әр рейсте өте мұқият болуды сұрайды, себебі жолаушылардың өмірі мен денсаулығы олардың жауапкершілігіне байланысты.
Биылғы жылы омниканалдық жүйе арқылы полицияға өңірдің 373 тұрғыны жүгінген.