Павлодарлық кәсіпорындарда еңбек Ассамблеяларын ашу идеясын ұсынды
Бастама «Қазақстан – бірлік елі» этнофорумында айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Форумда сөз сөйлеген Джафар Махмудов атындағы «Ватан» әзербайжан қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мүслім Махмудов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауының символдық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама еңбек адамдарының қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған.
– Еңбек ұжымдары – этносаралық келісімнің берік негізі. Жұмысшы мамандықтар түрлі мәдениеттер мен халықтарды жақындастыратын шынайы көпірге айналып отыр. Бұл мен үшін де ерекше мәнге ие, себебі 30 жыл бұрын әкем Джафар Махмудов облыстық Ассамблеяның құрылуына атсалысқан болатын, – деді ол.
Бүгінде өңірде республика бойынша алғаш болып еңбек Ассамблеясы ашылды. Ол «Трамвай басқармасы» АҚ базасында құрылып, түрлі этнос өкілдері еңбек ететін ұжымды біріктіру алаңына айналды. Бүгінде депода 20-дан астам этнос өкілі жұмыс істейді. Ұжымда өзара сыйластық пен түсіністік қалыптасқан.
Мүслім Махмудовтың айтуынша, еңбек Ассамблеясының басты мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту және жалпыұлттық бірлікті күшейту. Павлодардағы бастама республикалық деңгейде жоғары бағаланған еді.
«Достық үйінде» өткен іс-шара аясында келер жылы өңірде республикалық деңгейдегі алғашқы еңбек Ассамблеясының форумы өтетіні белгілі болды. Бұдан бөлек, шаһарда конгресс-холл құрылысы жоспарланған. Ғимараттың бір бөлігі этномәдени бірлестіктердің қызметіне арналмақ.
Айта кетейік, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында облыстық Ассамблея бір жыл ішінде 750-ден астам қоғамдық іс-шара ұйымдастырған.