Баянауылдағы «Жеті ағайын»: Аңызға арқау болған күрделі шың

Баянауылдағы «Жеті ағайын»: Аңызға арқау болған күрделі шың
Фото: Алтынбек Құрмановтың мұрағатынан

Биіктігі 900 метрден асатын жартасқа дайындықсыз шығу қауіпті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан «Жеті ағайын» бір-біріне жақын жеті жартасты шоқыдан тұрады. Ерекше пішіні мен күрделі бедері бұл нысанды өңірдегі өзге табиғи жаратылыстардан ерекшелейді.

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологиялық ағарту жөніндегі инженері Алтынбек Құрмановтың айтуынша, нысанның атауы Айдабол бидің жеті ұлы туралы ел арасындағы аңызбен байланысты.

– Айдаболдың сегіз ұлы болған екен. Бір ұлы Ташкентте қалып, қалған жеті ұлы осы өңірге келген дейді. Ағайынның ауызбіршілігі берік болсын деген ниетпен бұл тауды «Жеті ағайын» деп атап кеткен. Ел арасында жеті ұл бір-біріне қамқор болып, жетім мен жесірге пана, ғаріп пен міскінге қорған болсын деген аңыз айтылады, – дейді инженер.

Аңызға сүйенсек, ертеректе ел маңызды мәселелерді талқылап, құрылтай өткізген кезде көл жағасына жиналған. Сонда жұрт биіктегі жеті шоқыны көрсетіп, бір атадан тараған ағайынның татулығын үлгі еткен.

Нысанның табиғи құрылымы да назар аудартады. Жеті шоқы негізінен магмалық жыныстардан, гранит пен кварциттің берік қабаттарынан құралған. Мыңдаған жыл бойы жел мен жауын-шашынның әсерінен тау жыныстары мүжіліп, қырлы әрі бағана тәрізді пішінге енген.

Жартастардың бетінде қына мен мүк өседі. Етегінде Баянауылға тән қарағай мен қайың кездеседі. Шоқылар желдің бағытына әсер етіп, айналасында ылғалдың сақталуына ықпал ететін шағын микроклимат қалыптастырады.

Атауға қатысты аңыз табиғи нысанның геологиялық қалыптасуынан бөлек қарастырылады. Мамандар оның қазіргі келбеті ежелгі геологиялық процестердің нәтижесінде пайда болғанын айтады.

Алайда бұл бағыт саяхатшылар үшін жеңіл санатқа жатпайды. Жаяу туризм нұсқаушысы Аян Нұрмағанбетовтің сөзінше, кейбір учаскелердегі көтерілу бұрышы 60-70 градусқа дейін жетеді. Жартас беті тайғанақ болғандықтан, төмен түсу жоғары көтерілуден де күрделі болуы мүмкін.

– Бұл тауға шығуға кеңес бермеймін. Тәжірибесі жоқ адамдар үшін қиын әрі қауіпті. Жақсы трекинг аяқ киімі және бағытты білетін адам қажет. Алғаш баратындардың қателігі – өз күшін және аяқ киімін басқа тауларда алдын ала сынамауы. Ауыз суды да жеткілікті алу керек, – дейді Аян Нұрмағанбетов.

Маманның пікірінше, бұл жерді жаппай туристік бағытқа айналдыруға асықпаған жөн. Себебі тиісті тәжірибесі мен дайындығы жоқ саяхатшылар үшін жазатайым оқиға қаупі жоғары.

– Ақбеттен кіші болғанымен, жеті ағайынға көтерілу қиындау, – дейді ол.

Осылайша, «Жеті ағайын» – ел бірлігі туралы аңызбен сабақтасқан тарихи-танымдық нысан. Сонымен бірге, оның күрделі бедері саяхатшылардан тәжірибе, тиісті жабдық пен алдын ала дайындықты талап етеді.