Павлодарлық жастар үшін Әділет департаментінде «Ашық есік күні» өтеді
Арнайы акция аясында қатысушылар мамандардан тікелей кеңес алып, құқықтық саланың қыр-сырын біле алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Әділет департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара 15 мамыр күні Астана көшесі, 18 мекенжайында орналасқан департамент ғимаратында ұйымдастырылады. «Ашық есік күніне» мекеменің құрылымдық бөлімдерінің білікті қызметкерлері қатысып, келушілерге бағыт-бағдар береді.
– Кездесу барысында жастар әділет органдарының атқаратын қызметі мен негізгі міндеттері туралы толық ақпарат алады. Сондай-ақ қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, заңнамалық мәселелер бойынша жауап алу мүмкіндігіне ие болады, – делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Департамент өкілдері аймақ жастарын белсенділік танытып, маңызды ақпараттармен танысуға шақырады.