Павлодарда Ұлы Отан соғысының ардагері 100 жасқа толды
Ғасыр жасаған майдангерді мерейтойымен аймақ басшысы арнайы құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Григораш өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Облыс әкімі Асайын Байханов ардагерге майдан даласындағы ерлігі мен соғыстан кейінгі көпжылдық адал еңбегі үшін ризашылығын білдіріп, мықты денсаулық, сергек көңіл-күй, жан жылуы мен амандық тіледі.

- Жүз жылдық мерейтой - шын мәнінде айтулы күн. Сіздің тағдырыңызда еліміздің тарихы, соғыс жылдарының ауыр сынақтарынан өткен, болашақ ұрпақ үшін бейбіт өмірді қорғап қалған және елдің еңсесін көтеру жылдарында аянбай еңбек еткен тұтас бір буынның тағдыры көрініс тапқан. Сіз біздерге ерліктің, төзімділіктің және Отанға деген шексіз адалдықтың үлгісісіз, - деп атап өтті аймақ басшысы.
Соғыс басталғанда Василий Иванович небәрі 17 жаста еді. Бозбала шағында Отан қорғауға майданға аттанады. 1943 жылы жас жауынгерлер мектебін тәмамдап, 293-дивизияның 1034-атқыштар полкі құрамында Забайкалье әскери округіне жіберілген. Қатардағы жауынгерден бөлімше командиріне дейінгі майдан жолын абыроймен жүріп өтіп, жауапкершілік, төзімділік және нағыз жауынгерлік мінез көрсете білген жан.

Ерлігі мен жанқиярлығы үшін Василий Иванович ІІ дәрежелі "Ұлы Отан соғысы" орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен, сондай-ақ мерейтойлық наградалармен марапатталған. Оның жауынгерлік еңбегі - жеке өмірбаяны ғана емес, тарихтың бір бөлігі.
- 1951 жылы Василий Иванович Павлодарға келіп, тағдырын осы қаламен біржола байланыстырады. Жарты ғасырдан астам уақытын локомотив депосындағы еңбекке арнаған. Онда жүк және жолаушылар пойыздарын жүргізіп, темір жолдың сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті. Оның еңбегі жоғары жауапкершілікпен, кәсібилікпен және таңдаған ісіне деген адалдықпен ерекшеленді, - делінген хабарламада.
Дәл осы жерде Аграфена Осиповнамен отбасын құрып, екі бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ардагер немерелері мен шөберелерінің жетістіктеріне қуанып, оларға өмірлік ұстанымдарын, Отанға деген сүйіспеншілігін және еңбекке құрметін аманат етіп келеді.
Жеңімпаздар буыны - соғыстың ауыртпалығын көтеріп, елдің іргесін қайта бекемдеген және бүгінгі ұрпаққа ең басты құндылықтарды - бейбітшілікті қастерлеуді және өмірді бағалауды үйреткен қайсар рухты жандар.