Павлодар облысының әкіміне қандай сұрақтармен жүгінуде?

Павлодар облысының әкіміне қандай сұрақтармен жүгінуде?
Фото: Валерий Бугаев

Асайын Байханов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындар әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек қатынастары, жер учаскелерін беру мәселелерін көтерді.

Облыс әкімімен кездесуде Аққулы ауданы Тілектес ауылының тұрғыны шабындық жерлердің жеткіліксіз екенін айтты.

Асайын Байханов аудан басшылығына ҚР Заңына сәйкес конкурс арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру мәселесін пысықтауды, сондай-ақ, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Аққулы ауданының тағы бір тұрғыны – «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы жұмысқа орналасу, несие бойынша берешекті өтеу, көмір мен ағаш отын беру түрінде әлеуметтік көмек көрсету мәселесі бойынша жүгінді.

Барлық өтініштер бойынша өңір басшысы тиісті ведомстволарға тапсырмалар берді. Олардың орындалу барысы облыс әкімі аппаратының бақылауында болады.

Естеріңізге сала кетейік, аймақ тұрғындары жеке қабылдауға e-gov порталы, E-otinish.kz немесе әкімдіктің +77021661661 WhatsApp желісі арқылы жазыла алады.