Су тасқыны: Павлодар облысында үйлердің құрылысы қарқынды жүруде

Су тасқыны: Павлодар облысында үйлердің құрылысы қарқынды жүруде
Фото: Мақсат Көлтай

Тұрғын үйдің алаңы 78 шаршы метрді құрайды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов Ақтоғай ауданына жұмыс сапарымен барып, Жалаулы ауылында салынып жатқан жаңа үйлердің құрылыс барысымен танысты.

Аймақ басшысының айтуынша, әр үйге берілген жердің көлемі – 10 сотық, 0,1 гектарды құрайды. Бұл баспаналардың ерекшелігі – төбелері биік, үйдің іші жылы болуы үшін қабырғалары жылыту материалдарымен қапталған. Құрылысқа толығымен заманауи материалдар қолданылған. 

– Салынып жатқан үйлердің сапасы жоғары деп айтуға болады. Қабырғалары газобетоннан тұрғызылып, сырты силикатпен қаланған. Үйлердің ішінде дәретханасы болады. Жылыту қазандығы тұратын орын бар.  Құрылысты маусым айының аяғында, шілденің басында толықтай аяқтап тапсырамыз,  – деді Асайын Байханов.

Сонымен қатар облыс әкімі су тасқынынан зардап шеккендерге еліміз бойынша  аймақта алғашқы болып төлем аударылғанын атап өтті. 

– Барлығы 125 өтініш түсті. Біреулердің қысқа дайындаған тосап, басқа да өнімдері сақталған жертөлесін су басса, енді бірінде толық су басқан үйлер апаттық  деп танылды. Ондай алты үй болды. Шарбақты ауданында демеушілердің есебінен бір үй сатып алынды, ал бұл жерде бес үй салынады. Барлығы ERG тобы тарапынан қаржыландырылды, – деді Асайын Байханов.

Апаттық деп танылған баспаналардың тұрғындарына зардап шеккен үйлерді өздігінен бұзып, болашақта шаруашылық құрылысқа қолдануға кеңес берілген. Алайда жер телімдері үйлердің құрылысына пайдаланылмайды, мемлекеттің меншігіне қайтарылады, яғни кез келген құрылысқа тыйым салынады. Себебі, су басуы мүмкін төменгі аймақтарда орналасқан. 

Мердігер – жергілікті тұрғын, ірі бизнесмен, облыстық мәслихаттың депутаты Александр Терентьевке үйлердің сапасы үшін жауап беретіні туралы ескертілген. 

– Демеушілердің көмегімен қаржы береміз, алайда барлығы сапалы болуы тиіс деп келіскенбіз, – деді облыс әкімі. – Шарбақты ауданында да депутат Соломкин өзінің туған ауылында су тасқыны салдарын жоюмен айналысты. Өз қаржысына үй сатып алды. Президент те ауқатты адамдар осындай жағдайда көмектесуі тиіс екені туралы айтқан болатын.

«Стальмонтаж - Актогай Агро»  ЖШС компаниясының бас директоры салынып жатқан үйлердің құрылысы сапасы жағынан қаладағы баспаналардан кем түспейтінін айтады, құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келеді. Пайдаланып жатқан құрылыс материалдарының 80-85% Павлодарда өндірілген. Жергілікті жұмысшылар тартылған. 

– Құрылыс мерзімнен бұрын, жоспардан 20 күнге алға жүруде. Барлығы 60 адам еңбек етуде, – дейді ол. 

Тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың бірі – Мархабат Сматаев алғашқы үйдің иесі.  

– Көмек беріп жатқаны үшін барлығына алғыс айтамын. Күнде келіп құрылысты қараймыз. Отбасымызбен жолдасымыздың үйінде тұрып жатырмыз.  Өзіміз осы ауылдың тумасымын, – дейді ол. 

Айта кетерлігі, Жалаулыда көлемі 60 мың текше метр еріген қар суы жиналатын тереңдігі үш метр болатын қазаншұңқыр болады. Адамдар мен малдың қауіпсіздігі үшін жасанды су қоймасының айналасына қоршаулар орнатылады.