Павлодар облысы табиғатты қорғау саласында тарихи жетістікке қол жеткізді

Өңірге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшелері келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық әкімдікте Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің төрағалығымен Комитеттің көшпелі отырысы өтті. Халық қалаулысы Павлодар облысы еліміздегі ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі болып табылатынын, сол себепті облыс айтарлықтай экологиялық қауіп-қатерге ұшырап отырғанын атап өтті. Ол атмосфераға шығарындыларды азайтудың оң үрдісін мойындады.
Тақырыпты Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жалғастырды. Оның айтуынша, облыстағы өнеркәсіптік кәсіпорындарда еңбекке жарамды тұрғындардың шамамен төрттен бірі жұмыс істейді. Облыс Қазақстандағы алюминийдің 100 пайызын, көмірдің 60 пайызын, ферроқорытпаның 58 пайызын, электр энергиясының 42 пайызын өндіреді.
- Соңғы үш жылда облыстағы ірі кәсіпорындар қоршаған ортаны қорғауға 82 миллиард теңге инвестициялады. Соның арқасында энергетика, металлургия, шикізат өңдеу зауыттарында гибридті сүзгілер және басқалары сияқты жаңа технологиялар енгізілуде. «Богатырь» кенішінде шаңды басатын жүйелер орнатылды. 11 зауытта автоматты бақылау жүйесі орнатылды, жыл соңына дейін тағы төрт өнеркәсіптік алпауытқа орнатылады, - деді облыс әкімі.
Бұл зиянды шығарындыларды 2021 жылғы 730 мың тоннадан өткен жылы 697 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Павлодар облысының тарихи жетістігін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев те атап өтті. Ол 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында атмосфераға шығарындылар 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сегіз пайызға азайғанын, бұл ластану деңгейінің төмендеу тенденциясының үдеп келе жатқанын көрсетеді.
Қатысушылар облыс республикадағы барлық зиянды шығарындылардың шамамен үштен бірін өндіруді жалғастырып жатқанын, Екібастұзда облыс шығарындыларының 45 пайызы, Ақсудың 26 пайызы және Павлодардың үлесі 22 пайызды құрайтынын атап өтті.
Облыста қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Жыл сайын 18 мың тонна пластик, 10 мың тонна қағаз бен картон, сегіз мың тонна шыны, алты мың тонна темір өңдеу жоспарлануда. Сондай-ақ мекеме органикалық тыңайтқыш ретінде пайдаланылатын 60 мың тоннаға дейін азық-түлік өнімдерін қайта өңдеуге мүмкіндік алады.