Павлодарда әуесқой футболшылар еурокубок үшін тартысуда
Павлодар намысын «Ақбет» командасы қорғауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда футболдан Қазақстанның әуесқойлар арасындағы чемпионатының финалдық кезеңі өтуде. Оған өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары қатысуда. Барлығы он команда.
«Ақбет» «В» тобында батысқазақстандық Fusion, алматылық KIFS, семейлік BARQY және Қостанай облысының «КСК» командалары өнер көрсетуде. Бүгін төртінші ойын күні аясында «Ақбет» KIFS ұжымын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, топтағы екінші орынға шықты. Топты қостанайлық «КСК» бастап келеді.
«А» тобында астаналық «Достар» бірінші орында. «Кызылорда BKS» екінші орында. Олармен бірге Алматы облысының «Водник», Ақтөбе облысының ZHASTAR және Ақмола облысының «Сандықтау» командалары өнер көрсетуде.
Матчтар Орталық стадионда өтуде. Матч күнтізбесімен облыстық футбол федерациясының Instagram парақшасында танысуға болады. Жеңімпаз команда УЕФА Өңірлер кубогіне жолдама алады.
Ойындарды Қазақстан футбол федерациясының YouTube-арнасынан да көруге болады.
Фото: Константин Шелков