«Ертіс» Ақтөбе жастарына «үлкен футболдан» сабақ берді

Павлодарлықтар Бірінші лиганың екінші турының кездесуін өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс» сырт алаңда Ақтөбе жастар командасымен ойнады. Мирам Кикбаев алғашқы секундтарда есеп ашуы мүмкін еді, бірақ оның соққысын жергілікті қақпашы қайтарды. Бірінші таймда павлодарлық 80-нөмерлі футболшысы зыр жүгірді, матч Ақтөбе футболының түлегі үшін ерекше маңызға ие болғаны анық. Таймның ортасында ол есеп ашуға өте жақын, бірақ Мирам Кикбаев допты тура қақпашының қолына тепті.
Матчтың бірінші жартысында ойын тең дәрежеде өрбіді, тіпті алаң иелері кейде аумақтық және ойындық басымдыққа ие болған. Алайда, бұл жерде де «Ақтөбе М» командасының мығым қорғанысы мен жастардың қарқынына тап болған «Ертіс» «Асықпаған арбамен қоян алар» деген мақалдағыдай салмақты түрде күту позициясын ұстанды. Бір айта кетерлігі, команданың бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов тактикасы – екінші таймда толығымен нәтижесін берді.
52-минутта Анатолий Красотин Даниил Нырковты бұрыштамадан дәл көздеп, соңғысы жақын қашықтықтан мүлт кетпеді – 1:0. Осыдан кейін «Ақтөбе» жастарының көңілдері құлазып, команда ойыны бұзылды. Әрі қарай олар бір ойыншысын жоғалтты. Максим Федин команда капитаны Дидар Оңғарбаевты састырып, төреші ақтөбелік көшбасшыны сары қағаз көрсетті, бұл оның ойындағы екінші карточкасы еді.
Ойын қарқыны әбден төмендеді. Алаңға Тамерлан Ағыманов пен Матвей Герасимов шықты. Алғашқысы әріптестерінен қолдау таппай біраз қиналды. Бірақ сәлден соң «Ертіс» ойыншылары команданың «ондығын» паспен қамтамасыз еткен сәттен ақтөбеліктер қорғанысының тоз-тозы шықты. Тамерлан Ағыманов өзіне және серіктестеріне көптеген мүмкіндіктер жасады, бірақ нәтиже болмады. Әсіресе шабуылшы Матвей Герасимовтың бірнеше ұрымтал сәттерден мүлт кеткені өкінішті болды.
Нәтижесінде «Ертіс» таблодағы есеп жағынан аз, бірақ сапа тұрғыдан мығым жеңіске жетті. Үшінші турда павлодарлықтар өз алаңында алматылық «Қайраттың» жастар командасын қабылдайды. Матч 25 сәуір күні сағат 19.00-де басталады.