Шақат ауылында Нұргелді Мұхтаровты еске алуға арналған дәстүрлі турнир өтті
Шақат ауылында Нұргелді Мұхтаровты еске алуға арналған дәстүрлі спорттық турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл жарыс 2022 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Турнирдің басты ерекшелігі – жыл сайын командалардың құрамы өзгеріп отырғанымен, оның жылы әрі отбасылық, достыққа негізделген атмосферасы сақталып келеді.
Жарысқа дәстүрлі түрде «Отбасы», «Достар», «Әріптестер», сондай-ақ Шақат ауылының мұғалімдері мен мектеп ұжымы қатысады. Турнирдің мақсаты – Нұргелді Мұхтаровтың жарқын рухына тағзым етіп, спорт арқылы достық пен бірлікті нығайту.

Биылғы турнирдің басты тосынсыйы – мектеп оқушыларының жеңісі болды. Финалда олар тартысты әрі қызықты кездесуде мұғалімдер командасын жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.
Үшінші орынды Нұргелді Мұхтаровтың әріптестерінен құралған «Большая игра» командасы иеленді. Осы команданың ойыншысы Виталий Шмыков турнирдің «Үздік ойыншысы» атанды.
Сонымен қатар, жарыс қорытындысы бойынша үздік ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталып, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.

Турнирді ұйымдастырған Нұргелді Мұхтаровтың туыстары барлық қатысушыларға тартысты ойындары, спорттық рухы және достық көңіл-күйі үшін алғыстарын білдірді. Өз кезегінде қатысушылар ұйымдастырушыларға жоғары деңгейде өткен жарыс үшін ризашылықтарын жеткізді.
Іс-шара соңында барлық қатысушылар келесі жылы қайта кездесуге уағдаласып, бұл игі дәстүрдің алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.