Павлодарлық төрт жасар бүлдіршін Минскте жеңімпаз атанды
Минск қаласында «Дружат дети на планете» IX ашық халықаралық балалар сурет байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Беларуссияда «Дружат дети на планете» халықаралық байқауы 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Ұйымдастырушы Беларусь Республикасы білім беру министрлігінің ұлттық көркем шығармашылық орталығы болып табылады.
Байқауға әлемнің жиырма жеті елінен – Әзербайжан, Армения, Беларусь, Болгария, Вьетнам, Грузия, Иран, Италия, Қазақстан, Камбоджа, Катар, Қырғызстан, Латвия, Молдова, Мьянма, Пәкістан, Ресей, Румыния, Сербия, Америка, Сирия, Тәжікстан, Тайланд, Түркіменстан, Өзбекстан, Франция, Чехиядан он мыңнан астам жас дарынды бала қатысты. Оның ішінде Павлодар қаласының балалар көркемсурет мектебі - ЮНЕСКО клубының 10 оқушысы өз жұмыстарын жолдады.
Павлодарлық қатысушылар өз суреттерінде бақытты балалық шақ, өз армандары, достық туралы бейнеледі. Байқау қорытындысы бойынша үш оқушы жүлделі орындарға ие болып, дипломдармен марапатталды.
I орынды «Бағдарламаны аяқтау – шпагат» жұмысы үшін төрт жасар Мария Волик, II орынды «Каратэ» жұмысы үшін – тоғыз жасар Алиса Курапова иеленді иеленді. Педагогтары – Инна Масленникова. Сегіз жасар Вероника Балабовка «Біздің команданы қолдаймыз» жұмысы үшін дипломмен марапатталды. Жетекшісі – Гүлнар Мұхаметкалина.