Павлодарда қазақ тілін меңгерген гвардияшылар бақ сынады

Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқаудың екінші кезеңі өтті. Бұл сайыс мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған екі күндік оқу-әдістемелік жиын аясында ұйымдастырылды. Байқауға қазақ ұлтының өкілі емес әскери қызметшілер қатысып, өз білімдерін сынға салды.
Бірінші кезеңде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар – Өскемен, Семей, Курчатов және Павлодар қалаларындағы әскери бөлімдерден іріктеліп алынған. Олар әртүрлі әскери бөлімдерде түрлі қызметтер атқарса да, бәрін біріктіретін ортақ қасиет – қазақ тіліне деген құрмет пен сүйіспеншілік. Байқауға қатысушылардың барлығы мемлекеттік тілді еркін меңгерген.
– Нәтижесінде, 6679 әскери бөлімінің ефрейторы Максим Королев байқау жеңімпазы атанды. Екінші орынды 5512 әскери бөлімінен лейтенант Григорий Корнев иеленсе, үшінші орын 3514 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Данил Сидоровқа бұйырды, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлде иегері Максим Королев енді Павлодар қаласында өтетін «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауының қорытынды кезеңінде өз әскери бөлімінің намысын қорғайтын болады.