Павлодарлықтар қаланы тазалауға ат салысты
Экологиялық бастамаға қала тұрғындары, белсенді азаматтар мен еріктілер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда жалпы қалалық «Таза қала» экологиялық сенбілігі ұйымдастырылды. Іс-шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында өтті.
Сенбілікке қала тұрғындары, жастар, еріктілер және түрлі өндіріс орындарының қызметкерлері қатысты. Жалпы саны шамамен 300 адам қала аумағын тазалау жұмыстарына атсалысты. Олар аулалар мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, қаладағы ЖЭО-3 аумағында да «Таза қала» экологиялық акциясы өтті. Бұл шараға станцияның 50 қызметкері қатысып, өндіріс нысаны маңындағы аумақты тазалады.
«Павлодарэнерго» ЖШС ұжымы бастаманы қолдап, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді. Сенбілік барысында өткен жылғы жапырақтар, құрғақ шөптер мен қоқыс жиналып, арнайы техникамен шығарылды. Сондай-ақ цех маңындағы аумақтар мен жолдар ретке келтіріліп, жиек тастар сырланды.
Алдағы уақытта жол белгілерін жаңарту және гүлзарларды көгалдандыруға дайындау жұмыстары жоспарланып отыр. Мұндай экологиялық шаралар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны таза ұстауға ықпал етеді.