«Ертіс орманында» жануарларға арналған азықтандыру алаңдары жөнделуде

Суық мезгілге дайындық басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» резерватында қыс мезгілінде жануарларды қолдау мақсатында арнайы азықтандыру алаңдары қолданылады. Қазіргі таңда осы алаңдарды жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жабайы жануарларға қолайлы жағдай жасау, қысқы уақытта олардың азық тапшылығынан зардап шекпеуін қамтамасыз ету үшін маңызды.
Қорық аумағында 63 азықтандыру алаңы бар. Резерваттың баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа астау алаңдарын орнатудың қажеті жоқ, өйткені бар алаңдар жеткілікті. Жыл сайын аңшылар қажет болған жағдайда азықтандыру орындарын жөндеп жүреді.
– Азықтандыру алаңдары бұлан мен еліктерге арналған. Жабайы жануарлар бұл құрылымдарды қыста жиі пайдаланады. Бірақ қар көп жауғанда, жануарлардың астау алаңдарына жетуі қиындап, өткелдер болмаған кезде аңшылар өздері соқпақтарға жем шашады, – деді баспасөз қызметінде.
Азықтандыру алаңдарына қара шөп, яғни жазда алдын ала дайындалатын шөп салынады. Қайың, көктерек, тал, терек және басқа ағаштардың жем сыпыртқылары ілінеді. Жабайы жануарлардың тіршілігіне қажетті сортаңдарға тұзды жем салынады.