Павлодар облысында еріктілер саны артып келеді
Өңір бойынша биыл игі іспен тұрақты айналысатын 22 мыңнан астам азамат бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Еріктілер жұмысы 28 жылға жуық уақыт жүзеге асырылуда. «Бірге» аймақтық фронт офисі 2020 жылдан бері қызметін атқарып келе жатыр. Басты мақсат – волонтерлерге қолдау көрсету. Волонтерлік көмекті қажет ететін әлеуметтік санаттағы адамдарға қол ұшын беру, – дейді «Бірге» волонтерлік фронт офисінің жетекшісі Еркебұлан Күнтуған.
Оның айтуынша, елімізде «біргеміз» деген ұранмен жүзеге асырылатын жобалардың бағыттарына білім, денсаулық, медицина, зооволонтерлер, тазалық және басқа да түрлері кіреді. Облыста он тоғыз волонтерлік ұйым, 500-ге жуық бастамашыл топ бар. Олардың әрқайсысы белгілі бағыт бойынша жұмыс атқарады. Басым бөлігі халыққа көмек көрсетуге мән беріледі. Қариялар мен жалғызбасты жандарға, тазалық сақтау және іздестіру бойынша көп жұмыстар орындалады.
– Арнайы бекітілген жоспар бойынша жұмыс істейміз. Жалпы, сұраныс бойынша істер атқарылады. Әрине, жыл сайын жоспарлайтын жобалар легі бар. Міндетті түрде тиянақты дайындаламыз. Ахуалға байланысты төтенше жағдайлар мен шұғыл көмек қажет болып жатады. Соған байланысты әрекет етеміз, – деді Еркебұлан Күнтуған.
Спикердің сөзінше, волонтерлікте таңдап қабылдау деген жоқ. Кез келген адам волонтер бола алады.
– Көп жағдайда ерікті деген сөзді қолданбай, волонтер деп атаймыз. Волонтердің басты 3 принципі бар. Бірінші - өз еркімен келуі шарт, екінші - өзінің жеке басының пайдасын ойламауы, үшіншіден - қоғамға пайдасын тигізе білуі тиіс. Осы үш қағидамен келіп тұрған барша азаматты қабылдай береміз. Волонтерлерде жас мөлшері деген жоқ. Бұл жерде 7-10 жастағы кішкентайлар бар. Тіпті 75 жастағы егде жастағы жомарт жүректер де баршылық. Волонтерлердің саны жыл сайын артуда. Облыс бойынша осы іспен тұрақты айналысатын 22 мыңнан астам азамат бар, – дейді ол.
«Бірге» волонтерлік фронт офисіне белгілі жағдай орын алған сәтте ғана демеушілердің көмегі керек болып жатады. Апаттық жағдай орын алып, үйсіз қалған адамдарға, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты үлкендерге көмектесу барысында демеушілер келеді. Демеушілердің көбі – қарапайым халық.
– Волонтерлік - жеке басының мүддесін жақсарту мақсатында емес, өз еркімен келетін жұмыс болғандықтан, бұл жерде ешкімге ешқандай ақша төленбейді. Бұл – волонтерлердің қоғамға тигізіп жатқан пайдасы. Волонтерлер туралы елімізде заң бекітілген. Оларға деген артықшылықтар бар. Бірінші кезек, қоғамдағы жаңа форматты жүзеге асыратын жастар болғандықтан жастар арасындағы волонтерлікке қолдау жақсарып жатыр,– деді Еркебұлан Күнтуған.
Еске сала кетейік, «Бірге» фронт офисінің волонтерлері «Эко week» жобасы аясында Баянауыл жеріндегі вандалдық әрекеттердің кесірінен зардап шеккен петроглиф тарихи ескерткіштерін қалпына келтіруге шыққан еді.