Павлодарлықтар «әдемі» нөмірлерге миллиондаған қаражат жұмсаған
Нөмірлердің ең қымбаты – «Бонд» сериясында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» Павлодар облысы бойынша филиал директоры Асылбек Сапарбек мәлім етті.
– Жыл басынан бері павлодарлықтар «әдемі» нөмірлер үшін 237 миллион теңге жұмсаған. Көлік құралын сатқан жағдайда клиент мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында өз атындағы VIP нөмірді сақтауға құқылы, – дейді Асылбек Сапарбек.
Айта кету керек, VIP нөмірлерді сақтау мерзіміне шектеу қойылмаған. Ал қалған нөмірлер аталмыш орталықта тек алты ай сақтауда тұрады.
«Әдемі» нөмірлерді электронды үкімет порталы арқылы қашықтан тапсырыс беруге болады.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысындағы ең қымбат нөмірлер үшін шамамен 900 мың теңге төлеуге тура келеді. Тізімде «Бонд» сериясына ұқсас комбинациялар бар: 001-009, 777. Ең қымбат нөмірлерде сандардан кейін үш бірдей әріп тұрады.