Павлодар облысында мүмкіндігі шектеулі адамдар қайда жұмыс істей алады?

Павлодар облысында мүмкіндігі шектеулі адамдар қайда жұмыс істей алады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде ағымдағы жылға мүгедектігі бар адамдар үшін 604 жұмыс орнына квота белгіленген, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рахымова мәлім етті. 

– Мүгедектігі бар өңір тұрғындары топқа қарамастан, жұмысқа үміткер бола алады. Ағымдағы жылдың басынан бастап облыстың мансап орталықтарына жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін 537 мүгедектігі бар адам жүгінді, оның ішінде 228 адам жұмыспен қамтылды: тұрақты жұмыс орындарына – 26 адам, субсидияланатын жұмыс орындарына  – 155 адам, – дейді Әлия Рахымова. 

Оған қоса, «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 47 мүгедектігі бар адам қамтылды. Оның ішінде бір адам қысқа мерзімді курстарға жіберілді. Бұдан басқа, облыста ағымдағы жылға мүгедектігі бар адамдар үшін 177 кәсіпорын мен ұйымда 604 жұмыс орнына квота белгіленген.

– Кез келген адам еңбекке құқылы, бірақ мүгедектігі бар адамдардың көпшілігінде қарсы көрсеткіштер бар. Көбінесе мұндай адамдар білім беру саласында, аула тазалаушы, қолөнерші, немесе сауда саласында жұмыс істейді. Бірақ жалақысы аз екені түсінікті. Мысалы, субсидияланатын жұмыс орындары шеңберінде мемлекет жалақының 30 айлық көрсеткіштен аспайтын бөлігін өтейді, – деді басқармасы басшысының орынбасары.

Кедергісіз орта құру бойынша биыл өңірде 63 нысан бейімделген. Интерактивті картада барлығы 1729 объект тіркелген, оның ішінде арбада отыратындарға арналған  – 804, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған – 810, есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған – 813, есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған – 886. 

Айта кетейік, облыста мүгедектігі бар 29,4 мыңнан астам адам тұрады. Бұл ретте,  инватакси қызметтері Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында көрсетіледі, 29 мамандандырылған автокөлік бар.