Шарбақты ауданында алаяқтардың құрбаны болған әйелдің ақшасы қайтарылды

Қаскүнемдерге алданған әйел қомақты сомаға бөліп төлеу арқылы несие ресімдеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шарбақты ауданының полиция бөліміне интернет-алаяқтардың құрбаны болған жергілікті тұрғыннан өтініш түскен. Полицейлердің жедел жұмысының нәтижесінде ақша келесі күні қайтарылды.
Тергеуші Гүлден Адамова мен жедел уәкіл Саят Рашитов дереу істі қарауға кіріскен, оқиғаның мән-жайын жедел анықтап, қажетті шараларды қабылдаған. Олардың кәсібилігі мен үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленуші қарызға кіріп кетуден аман қалған.
Жәбірленуші полиция қызметкерлеріне жедел әрекет еткені және көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.
– Маған осындай қиын жағдайда көмек көрсеткендеріңіз үшін өте ризамын. Сіздердің арқаларыңызда ақшам қайтарылды. Жұмыстарыңыз бен адамгершілік көзқарастарыңыз үшін алғыс айтамын, — деп жазды ризашылық білдірген ауыл тұрғыны.
Павлодар облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және алаяқтардың қулықтарына түспеуді ескертеді.