Павлодарлық Ассамблея жастары қазақ тілінде ән айтып жарысты
Байқаудың ерекшелігі – барлығы мемлекеттік тілдегі патриоттық әндер, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Достық үйінде» облыстық ҚХА этномәдени бірлестік жастары арасында «Әнімді саған арнаймын – Қазақстаным!» атты дәстүрлі ХХІІ патриоттық әндер фестивалі өтті.
– Мен 13 жасымнан бері қазақ тіліне қызығып, үйрене бастадым. Бүгінгі таңда Ассамблеяда ұйымдастырылатын барлық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрмін. Қазақ тілі біздің дамуымызға үлкен әсер беретіні сөзсіз. Осы байқау арқылы мемлекеттік тілді дәріптеуді мақсат етіп отырмыз, – дейді Әзербайжан қоғамдық бірлестігінің өкілі Элвин Магарамов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің мақсаты – жастардың бойында отанға деген патриоттық сезімін тәрбиелеу, этнос өкілдері арасында рухани бірлік пен этносаралық келісім идеяларын тарату, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу және этностық топтардың жастарын ынталандыру шаралары арқылы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамытуға жәрдемдесу.
Аталмыш шара барысында славян, әзербайжан, беларусь, поляк, грек, украин, татар-башқұрт, румын-молдаван этномәдени бірлестіктері және «Ассамблея жастары» ұйымы бақ таластырды.
– Фестивальге облыстық этномәдени бірлестік жастарының вокалдық ұжымдары қатысып, мемлекеттік тілде патриоттық бағыттағы шығарма орындады. Барлық қатысушылар арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды, – дейді «Қоғамдық келісім» басшысы Нұрия Көбенова.
Фестивальге 12 бірлестік қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Айта кетерлігі, барлық әндер мемлекеттік тілде орындалды.