Павлодарда 1956 жылы құрастырылған радио жаңаша сарнап тұр

Павлодарда 1956 жылы құрастырылған радио жаңаша сарнап тұр
Фото: Константин Шелков

Ол Журналистер үйінің баспасөз және радио музейінде сақтаулы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Былтырғы жылы ашылған музейде радио қызметкерлерінің қолынан жеткен 70-ке жуық жәдігер, баспасөз қызметкерлері қолданып келген әртүрлі құралдарды көруге болады.

–    Ең бірінші әкелінген жәдігер – 1956 жылы құрастырылған «Муромец» радиоқабылдағышы. Инженер Андрей Фисенко оны толығымен қалпына келтіріп, Halyq Radiosy жиілігіне реттеді, – деді «Ертіс Медиа» медиахолдингінің директоры Руслан Біләлов.

Оның айтуынша, бұдан кейін мұражайға жәдігерлерді жинау идеясы пайда болған. Осылайша баспасөз құрылғылардың бір бөлігінбөлшектеуден аман алып қалса, басқаларын тарих жанашырлары мен жәдігерлердің бұрынғы иелерінің туыстары сыйға тартқан.

–    Мұражайда облыстық «Saryarqa Samaly» және «Звезда Прииртышья» газеттерінде жұмыс істеген екі атақты фотограф Владимир Бугаев пен Еренбақ Әлжановқа арналған жеке витриналар бар, – деп қосты Руслан Біләлов.

Оның айтуынша, Владимир Бугаевтың заттарын мұражайға оның інісі Валерий Николаевич сыйға тартқан.

Сонымен қоса Вилис Лацистің «Потерянная родина» романынан атауы алынған «Ригонда» радиоласы, магниттік таспаға арналған монтаждық үстел, әртүрлі жылдарда шығарылған телефондар, магнитофондар, кассетадан цифрлық форматқа дейін дыбыс жазу құрылғылары қойылған.