Павлодарда Абайтану олимпиадасына жұмыстарды қабылдау басталды

Павлодарда Абайтану олимпиадасына жұмыстарды қабылдау басталды
Фото pixabay.com\Pexels

Байқауда ерікті түрде ниет білдірген кез келген қатысушы бақ сынайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Мың бала» зияткерлік орталығы ұйымдастыратын олимпиадаға балабақша, мектепке дейінгі, жалпы орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен колледж және ЖОО студенттері қатысады.

Байқаудың мақсаты – мектеп оқушыларының ақын өмірі мен шығармашылығын тануға деген қызығушылықтарын арттыру, ақынның рухани мұрасын, ақын өмірі жайлы мәліметтерді игеруді насихаттау, жаңа буынның интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру, дарынды оқушыларға қолдау жасау.

–    Қатысушылар «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясында Абай өлеңдерін мәнерлеп оқиды. «Абайдың қара сөздері» номинациясында Абайдың бір қара сөзін жатқа оқиды, – дейді орталықтың директоры  Гульчархан Қожабекова.

Сонымен қоса «Көңілім әнді ұғады» номинациясында Абай әндері мен күйлерін орындайды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясында Абайға арнап өлең шығарады. «Ұлылар әлемі» номинациясында Абай шығармаларына, рухани болмысына қатысты тақырыпқа эссе жазады. «Абай бейнесі» номинациясында сурет, графика, кескіндеме, мүсін форматындағы жұмыстар істейді. «Мен Абайды зерттеймін» номинациясында Абай Құнанбаевтың биографиясы негізіндегі ғылыми жұмыстарын көрсетеді.

–   Конкурстық жұмыстар тек сайттағы сілтеме арқылы ғана қабылданады. WhatsApp желісі, электронды пошта арқылы конкурстық жұмыстар мүлде қабылданбайды, – дейді Гульчархан Қожабекова.

Оқушылар, тәрбиеленушілер, студенттер үшін қатысу жарнасы - 800 теңге. Байқауға ерікті түрде ниет білдірген кез келген қатысушы қатыса алады.

Конкурстық жұмыстарды қабылдау 1 сәуірден 2 мамыр сағат 19:00-ге дейін жүргізіледі. Байқау нәтижесі 15 мамыр күні сағат 20:00-де www.1000bala.kz сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларда жарияланады, электронды пошта арқылы (жетекшінің форманы толтыру барысында көрсеткен электронды пошта адресіне) жолданады.

Барлық конкурсанттар қатысушы сертификатымен, жеңімпаздар дипломмен, барлық оқушылардың жетекшілері Алғыс хаттамен марапатталады.

Айта кетейік, байқауға жеті оқушысының жұмысын жолдаған жетекшілерге арнайы Құрмет грамотасы табысталады.