Павлодарлық дәрігерлер ми абсцессі бар жеткіншекті құтқарып қалды

Павлодарлық дәрігерлер ми абсцессі бар жеткіншекті құтқарып қалды

Дәрігерлер жарты жылға жуық уақыт жасөспірімнің өмірі үшін күресті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Облыстық балалар ауруханасының әкімшілігі мәлімдегендей, 14 жасар баланы емдеу үшін реаниматолог, оториноларинголог, нейрохирург және невропатологтар бес айдан астам уақыт бойы күрескен. Аталмыш аурухананың тарихында балаларға мидың абсцессі диагнозы қойылған бесінші жағдай. Өкінішке қарай, ауыр дертті жеңіп шыққан тек осы бала ғана.

- Бізге бала 2022 жылдың қыркүйек айында жеткізілді. Кезекші дәрігердің қарауынан кейін бала ауыр жағдайда лор бөлімшесіне шұғыл түрде жатқызылды. МРТ және КТ зерттеулері көрсеткендей, мұрын қуысы мен маңдай синусының қабынуы миға өткен. Бұл ми абсцессінің ауыр көрінісін көрсетеді. Кейін  бала жансақтау бөліміне ауыстырылды, - делінген хабарламада.

Мидың абсцессі дегеніміз - мида іріңнің жергілікті жиналуы. Клиникалық көрініске бас ауруы, әлсіздік, безгек және қызу неврологиялық симптомдар кіруі мүмкін. Ауыр асқынуларға мүгедектіктің айтарлықтай ықтималдығы жатады (бұл жағдайда өлім жиі кездеседі). 

- Реанимация бөлімшесінде реаниматологтар, нейрохирургтар, оториноларингологтар, невропатологтар баланың өмірі үшін күресті. Балаға операция жасалды. Ақ желеңділер баланың сауығып, толыққанды өмірін жалғастыру үшін барын салды, - дейді аурухана әкімшілігі.

Дәрігерлер қажырлы еңбек пен уақытылы көрсетілген көмектің және дұрыс емдеу тактикасының арқасында ауыр сырқатты емдеуде оң нәтижеге қол жеткізіп отыр.