Павлодар облысында онкологиялық ауруларды ерте анықтау көрсеткіші көтерілді

Павлодар облысында онкологиялық ауруларды ерте анықтау көрсеткіші көтерілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мамандар бұл көрсеткіштің өсуін скринингтік бағдарламалардың кеңеюімен және диагностикалық мүмкіндіктердің жақсаруымен байланыстырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық онкологиялық диспансері директорының ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Әсел Асқарова диспансерде химиотерапиялық, радиологиялық және хирургиялық емдеу түрлері жүргізілетінін атап өтті. 

– Бүгінде облыс бойынша 14 мыңнан астам адам онкологиялық есепте тұр. Жыл басынан бері 631 жаңа жағдай анықталған. Оның ішінде бірінші-екінші сатыда анықталғандар үлесі шамамен 66 пайызды құрайды, ал асқынған жағдайлар – 9,2 пайыз. Бұл ерте диагностиканың жақсарғанын және халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігінің артқанын көрсетеді, – деді Әсел Асқарова.

Сондай-ақ ол ұзақ ремиссиядағы науқастар үлесінің артып келе жатқанын атап өтті. Олардың ішінде 57 пайыздан астамы 5 жылдан артық ремиссияда.

Маманның айтуынша, онкологиялық аурулар созылмалы сипатқа ие және пациенттер өмір бойы бақылауда болады.

Скринингтік бағдарламалар да өңірде кеңінен жүзеге асырылып отыр. Қазақстанда сүт безі, жатыр мойны және колоректалдық қатерлі ісіктерді ерте анықтауға бағытталған үш негізгі скрининг бағдарламасы жұмыс істейді.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізілді. Яғни барлық азаматтар сақтандыру мәртебесіне қарамастан тексеруден өте алады.

Сонымен қатар, скринингтік жас шектері кеңейтілген. Атап айтқанда, сүт безі қатерлі ісігі – 76 жасқа дейін, жатыр мойны қатерлі ісігі – 74 жасқа дейін, колоректалдық қатерлі ісік – 76 жасқа дейін.

Үш ай ішінде облыста 55 мыңнан астам адам скринингтен өтіп, 43 жағдайда қатерлі ісік ерте сатыда анықталған.

Аурушаңдық деңгейі бойынша Павлодар облысы республикада бесінші орында тұр. Соңғы жарты жылда өңір осы орынды сақтап келеді.

Онкодиспансерде пациенттердің қозғалысын бақылайтын ситуациялық орталық жұмыс істейді. Барлық алғашқы науқастар емханалардағы қарау кабинеттерінен өтеді, ал күдік туған жағдайда қосымша тексерулерге жіберіледі.

– Ситуациялық орталық тексеру мерзімдерінің сақталуын бақылайды. Егер мерзімдер бұзылса, емханалармен байланысып, диагностиканы жеделдету шараларын қабылдайды, – деді Әсел Асқарова. – Сонымен қатар онкологтар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 30 ұйымға бекітілген. Олар өңірлерге шығып, әдістемелік және кеңестік көмек көрсетеді.

Үш ай ішінде диспансерге шамамен 3 500 науқас жатқызылған. Жыл сайын операциялар саны да артып келеді. 2025 жылы шамамен 1 700 операция жасалған.

Онколог-дәрігер Ернұр Негманов өңірдегі онкологиялық аурулардың құрылымы мен себептерін түсіндірді.

– Онкологиялық аурулардың құрылымына тоқталсақ, біздің өңірде бірінші орында – сүт безі қатерлі ісігі, екінші орында – тоқ ішек пен тік ішек қатерлі ісігі, үшінші орында – өкпе қатерлі ісігі.  Онкологиялық аурулар бір ғана себептен пайда болмайды. Бұл ауру бірнеше факторлардың әсерінен дамиды. Оның ішінде дұрыс тамақтанбау, күн тәртібін сақтамау және созылмалы ауруларды дер кезінде емдемеу бар, – деді дәрігер.

Сонымен қатар,  ол қатерлі ісіктің негізгі белгілерін атап өтті. Мысалы, асқазан қатерлі ісігі бірден дамымайды. Оның алдында полип, эрозия немесе жара сияқты өзгерістер болады. Уақытында емделсе, бұл әрі ем, әрі профилактика. 

Дәрігердің айтуынша, қатерлі ісіктің ерте белгілерін ажырата білу маңызды.

Жалпы белгілерге әлсіздік, тез шаршау, ұйқының бұзылуы, тәбеттің төмендеуі және салмақ жоғалту жатады. Ал нақты белгілер ісіктің орналасуына байланысты болады.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда өңірде онкологиялық операциялардың басым бөлігі жергілікті жерде жасалады. Тек күрделі жағдайлар ғана Астана мен Алматы қалаларындағы орталықтарға жіберіледі.

Сондай-ақ лапароскопиялық, яғни аз инвазивті операциялар барлық хирургиялық араласулардың шамамен 40 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш бұрын 30 пайыз болған.

Мамандар тұрғындарды профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп, скрининг бағдарламаларына белсенді қатысуға шақырады. Ерте диагностика – емнің тиімділігін арттыратын негізгі фактор екені атап өтілді.