Павлодарда Президент Жолдауындағы жоғары білім саласының міндеттері талқыланды
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щегловамен өткен кездесуде жасанды интеллектіні дамыту, кадр даярлау және өңірлік жоғары оқу орындарының ғылыми жобаларға қатысуы да сөз болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиын Марғұлан университетінде өтті. Оқытушылар мен жоғары оқу орындарының өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын да қоюға мүмкіндік алды.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі цифрлық технологияларды ескере отырып, елді дамыту және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңіндегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау болды.
Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамытудың ауқымды кезеңі басталғанын жариялап, 2027 жылды Жалпыхалықтық жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама еліміздің барлық қалалары мен аудандарындағы азаматтық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартуды көздейді.
Динара Щеглованың айтуынша, бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін өңірлік университеттердің ғылыми әлеуетін кеңінен пайдалану маңызды.
– Ауқымды құрылыс пен инфрақұрылымдық нысандарды дамыту жағдайында әлеуметтік инфрақұрылыммен қамту мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Осы мақсатта өңірлік университеттер мен ғылыми ұйымдардың басшылары жан-жақты зерттеу мен талдау жүргізіп, ұсыныстар әзірлеуі керек. Сондай-ақ оларды жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп пысықтап, іске асыру жолдарын қарастыру қажет, – деді вице-министр.
Ғылым және жоғары білім министрлігі кадр даярлау, студенттердің құзыреттерін арттыру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға да басымдық береді. Динара Щеглованың айтуынша, елімізде ғылыми әзірлемелері мен патенттері құрылыс саласында қолданылып жүрген ғалымдар бар.
– Біздің елімізде патенттері бар, құрылыс саласында қолданылатын жаңа ғылыми әзірлемелер ұсынатын ғалымдар бар. Сондықтан бұл сала алдағы уақытта да басым бағыттардың бірі болып қала береді. Министрлік оны одан әрі дамытуға және қолдауға күш салады, – деді Динара Щеглова.
Кездесуде цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері де сөз болды. Еске сала кетейік, Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланған. Вице-министр осы кезеңде қабылданған және түрлі салаларға цифрлық шешімдерді енгізуді жеделдетуге бағытталған стратегиялық және заңнамалық құжаттар туралы айтты.

Атап айтқанда, Digital Qazaqstan стратегиясы, «Жасанды интеллект туралы» заң және Цифрлық кодекс қабылданды. Сонымен қатар цифрлық бағытты дамытуға жауапты жеке министрлік құрылды.
– Биыл маңызды стратегиялық құжаттар қабылданды. Олардың қатарында «Жасанды интеллект туралы» заң және Digital Qazaqstan стратегиясы бар. Бұдан бөлек, Цифрлық кодекс қабылданды. Бұл нормативтік-құқықтық актілердің барлығы түрлі салаларда цифрландыруды жүйелі түрде дамытуға және жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған. Біздің министрлік те білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдануды реттеу үшін өз нормативтік құжаттарын қайта қарады. Атап айтқанда, бұл жасанды интеллектіні докторлық диссертация жазу кезінде және студенттердің талдамалық зерттеулер жүргізу барысында пайдалану мәселелеріне қатысты. Сондай-ақ мемлекеттік стандарттар бекітілді. Қазақстан жасанды интеллект негіздері бойынша этика мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтитын міндетті курстан өту стандартын қабылдаған әлемдегі алғашқы ел болды, – деді Динара Щеглова.
Бекітілген стандартқа сәйкес, жасанды интеллект негіздері бойынша курстан жоғары білімнің барлық деңгейіндегі студенттер – бакалавриат, магистратура және докторантура білім алушылары өтуі тиіс. Сонымен қатар министрлік студенттердің білімін тереңдетіп, әлемнің жетекші компаниялары ұсынатын цифрлық білім беру платформаларын пайдалану мүмкіндігін кеңейту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың қатарында NVIDIA, Google, Huawei және Coursera бар. Бұл платформалар арқылы қазақстандық студенттер әлемнің жетекші университеттері мен технологиялық компаниялары әзірлеген курстардан өте алады.

Павлодар облысындағы жоғары оқу орындарының дамуы туралы айтқан вице-министр өңірлік университеттерде жасанды интеллект білім беру және басқару үдерістеріне біртіндеп енгізіліп жатқанын атап өтті. Жаңа технологияларды оқытушылар да, оқу орындарының басшылығы да қолданады.
Студенттер медицина және энергетика салаларына арналған жеке жобаларын да әзірлеп жатыр. Олардың кейбірі қазір пилоттық сынақтан өтуде.
– Павлодар облысында Астана немесе Алматы қалаларындағыдай тар бейінді техникалық университет болмаса да, студенттер ақпараттық технологиялар саласындағы жақсы құзыреттерін көрсетіп жүр. Олар IT мамандығы бойынша білім алмаса да, өздерінің жасанды интеллект агенттерін әзірлейді. Мысалы, болашақ педагогтер өз кәсіби саласына арналған интеллектуалды көмекшілер жасап жатыр. Медицина мен энергетикаға қатысты жобалар да бар. Қазір олар пилоттық деңгейде жүзеге асырылуда, – деп атап өтті вице-министр.
Кездесу барысында оқытушылар Президенттің білім беру ұйымдарына жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі тапсырмасының іс жүзінде қалай орындалып жатқаны туралы да сұрады. Атап айтқанда, қандай нәтижелерге қол жеткізілгені, оқу орындары қандай қиындықтарға тап болып отырғаны және жаңа технологиялардың білім беру үдерісінде қалай қолданылатыны қызықтырды.
Сондай-ақ Digital Qazaqstan 2029 бағдарламасының міндеттері талқыланды. Бағдарламаға сәйкес, білім беру ұйымдарын бітірушілердің 80 пайызы жасанды интеллект саласындағы базалық құзыреттерді меңгеруі тиіс.
Фото: Ақмарал Есімханова