Павлодарлық энергетиктер еңбек жағдайын жақсартуды сұрайды

Павлодарлық энергетиктер еңбек жағдайын жақсартуды сұрайды
Фото: автор

Олардың атынан кәсіподақ жетекшісі сөйледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар кәсіподақтар үйінде Жұмысшы мамандықтары жылының басталуына арналған конференция өтті. Павлодар облысы кәсіподақтары аумақтық бірлестігінің төрайымы Динара Айтжанова биылғы жылы өңірдегі кәсіпорындардағы еңбек жағдайын жақсартуға және еңбек демократиясын дамытуға ерекше көңіл бөлінсе деген тілегін білдірді.

Өз кезегінде облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко депутаттық корпус атынан еңбек ұжымдары мен билік арасында берік диалог құру қажеттігін атап өтті.

- Біз жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруді жалғастыруымыз керек, - деп есептейді ол. – Кезінде елде заңгерлер мен экономистер көп шықты. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие болмады. Енді бұл үрдісті өзгерту керек.

«Павлодарэнерго» АҚ энергетикалық жүйе қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Балтабек Төлеубаевтың айтуынша, салада кадр жетіспеушілігі шамамен 30 пайыз.

Қантар оқиғасынан кейін депутаттық корпус пен «AMANAT» партиясының қолдауымен жалақыны көтеруге мүмкіндік туды. Құнды кадрлардың кетуі тоқтатылды, бірақ жастардың жұмысшы мамандықтарына қызушылығы әлі соншалық артқан жоқ. Осы орайда Балтабек Төлеубаев энергетиктерге арналған әлеуметтік пакетті жақсарту бойынша бірнеше ұсыныс айтты.

– Қазір біздің жалақымыз металлургтердің немесе мұнайшылардың табысымен бірдей десек те, әлеуметтік жәрдемақы бойынша әлі де төмен. Еңбек кодексіне сәйкес, тарифтен түскен қаражатты әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсауға болмайды, ал энергетикалық компаниялар тек тарифпен ғана күн көруде. Сондықтан біз әлеуметтік пакет бойынша шығыстар тізіміне жалақы қорының 10-15 пайызын қосуды ұсынып отырмыз, - дейді Балтабек Төлеубаев.

Тағы бір маңызды ұсыныс – энергетика саласын еңбек жағдайлары қауіпті кәсіптер қатарына қосу. Бұл қызметкерлерге артық қағазбастылықсыз барлық жеңілдіктерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Конференция барысында Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы төрайымы Гүлбарам Науразбаева да сөз сөйледі. Ол атақты жол құрылысшысы, Ленин орденінің иегері болған әкесін мысалға келтіре отырып, еңбек және еңбек адамдары культінің маңыздылығына тоқталды. Оның ойынша, қоғам талабына сай мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастырумен қатар әр отбасында еңбексүйгіштікке баулу қажет.