Павлодарда такси жүргізушілері жұрттың мазасын алған
Өңірде «Тасымалдаушы» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бірінші күні 116 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Олардың арасында маневр жасау ережелерін бұзу, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын сақтамау, белгіленген жылдамдықтан асып кету, көлік құралын жүргізу кезінде телефон пайдалану, жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзу секілді жағдайлар көп кездескен.
– Қоғамдық орындарда такси қызметтерін ұсынып, мазаны алу бойынша алты факті анықталды. Айыппұл тұрағына барлығы бес автокөлік қойылды, – деп хабарлады департаментте.
Ақсу қаласында заңда белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлік құралын жүргізген «Toyota Аlphard», Екібастұз қаласында жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзған «Volkswagen», қала ішінде «Яндекс» қосымшасы бойынша тіркеусіз жолаушыларды тасымалдаған «Mazda» автокөліктернің жүргізушілері анықталған. Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер қоғамдық орындарда және жолаушылар көлігінде қауіпсіздікке көңіл бөлу, тасымалдаушыларды жол жүру ережелерін қатаң сақтау жайында ескертті.
Таңнұр Әленқызы