Май ауданында мемориалды тақта орнатылды
Тағзым тақтасы кезінде Уақап Бекұлы өзі қызмет еткен Май ауданы әкімдігінің қабырғасынан орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Май ауданының орталығы Көктөбе ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз, білікті басшы, көрнекті қоғам қайраткері Уақап Бекұлы Сыздықовты еске алуға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, жергілікті билік пен қоғамдық ұйым өкілдері, ардагерлер мен туған-туысқандары қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова ел үшін ерен еңбек еткен азаматтардың еңсесі әрдайым биік келетінін айтып, Уақап Бекұлының бойынан табылатын қайраткерлік қырына тоқталып өтті.
— Ұлы Отан соғысына аттанып, батырлығымен, ерлігімен танылып, соғыстан кейінгі жылдары еліміздің экономикасын көтеруге айтарлықтай атсалысқан адам. Уақап Бекұлы тек Ұлы Отан соғысының ғана емес, бейбіт күннің де батыры. Біз осындай тұлғаларымызды әркез естен шығармауымыз керек. Бұл тақтайшаның орнатылуы халқының Уақап Бекұлына деген құрметінің белгісі деп білеміз, — деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, көзкөрген азаматтар, сондай-ақ, Уақап Бекұлының ұрпақтары сөз сөйлеп, оның өмір жолынан сыр шертер жылы естеліктерімен бөлісті. ҚР қоғам және саяси қайраткері, Павлодар облысының құрметті азаматы Тито Уақапұлы бұл рухани шараға атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріп, Май ауданында әкесі Уақап Бекұлының атқарған еселі еңбектерін еске алды.
Шара соңында ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылып, Уақап Бекұлының рухына тағзым етілді.
Айта кетейік, адал қызметімен абырой жинаған Уақап Сыздықов Павлодар облысының бірқатар аудандарында, атап айтқанда: 1954-57 жылдары Павлодар ауданы «Сталин» атындағы колхоздың төрағасы; 1958-61 жылдары Павлодар ауданы «Шақат» совхозының директоры; 1961-62 жылдары Павлодар аудандық атқару комитетінің төрағасы, сосын Цюрупин (Шарбақты) ауданының бірінші хатшысы; 1963-65 жылдары Успен аудандық атқару комитетінің төрағасы; 1965-68 жылдары Лебяжі аудандық атқару комитетінің төрағасы; 1968-77 жылдары Ертіс аудандық атқару комитетінің төрағасы; 1977-85 жылдары Май ауданының бірінші хатшысы болды.
Май ауданында Уақап Сыздықовтың басшылығымен тары өсірудің жоғары өнімді агротехникасы әзірленіп, қолданылды, мал шаруашылығы табысты дамыды. Аудандағы ірі күре жолдарды жөндеу ісінде қолтаңбасы қалды. Аудан орталығы бірнеше жыл ішінде абаттандырылған ауылға айналды.
Осы еңбегі ескеріліп, ол «Қазан төңкерісі» ордені, «Құрмет белгісі» ордені, І дәрежелі Отан соғысы ордені, Үш Еңбек Қызыл Ту орден-медальдерімен марапатталды.
Алтынбек Мұқышев