Павлодарлық жастарға денсаулық орталығында қандай көмек алуға болады?
Өңірде осындай үш орталық жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Almaz Medical group» ЖШС профилактикалық бөлімінің меңгерушісі, жастар денсаулық орталығының басшысы Айгүл Батесова мәлім етті.
– Жастар денсаулық орталықтарында 10-35 жас аралығындағы балаларға, жасөспірімдерге және жастарға медициналық, емдік-профилактикалық, әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік көмек көрсетіледі, – деді Айгүл Батесова.
Орталыққа жүгінген жастарға гинеколог, уролог, дерматовенеролог, психолог, педиатр, терапевт, заңгер сияқты мамандар кеңес береді. Сондай-ақ, олар репродуктивті денсаулық туралы, соның ішінде жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, диагностикалау және емдік профилактикалық көмек жайлы ақпаратпен бөліседі. МӘМС шеңберінде медициналық қызметтер тегін көрсетіледі.
– Орталықтар қолжетімділік, еріктілік, сенімділік, құпиялылық принциптері бойынша жұмыс істейді. Елде жалпы 141 жастар денсаулық орталығы бар, оның ішінде бір-бір орталықтан Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларында ашылған,– деп атап өтті спикер.
Оның сөзінше, аталмыш орталықтар емхана немесе ауруханалардан бөлек бір ғимаратта орналасады. Жастар денсаулық орталығына келген жастар үлкен кезекте тұрмай, терапевтің жолдамасынсыз-ақ тікелей керек көмек алады. Сондай-ақ, бірқатар диагностикалық процедуралар мен зертханалық зерттеулерден өтуге болады. Мысалы, қалқанша безі, сүт безі ультрадыбыстық зерттеу және тағы басқа қызметтер қолжетімді
– 10 жастан бастап физиологиялық өзгерістер байқалады. Өтпелі кезеңде репродуктивті жүйе мен психикалық денсаулық қалыптасады. Дәл осындай уақытта жасөспірімдерге көңіл бөліп, түсініксіз, білмеген нәрселерді айтуға тырысу керек. Бала ұялғандықтан ата-анамен бөліспей жатады. Осындай жағдайда жастар денсаулық орталықтары көмектеседі,– деді Айгүл Батесова.
10 – 14 жастағы балалар ата-анасының рұқсатымен ғана кеңес ала алады, ал 16-18 жастағы жасөспірімдер ересектердің рұқсатынсыз кеңеске келе алады, алайда хирургиялық араласу кезінде ата-ананың келісімі талап етіледі.