Павлодар облысында ірі медициналық мекемені жөндеу жоспары жайында сөз болды

Павлодар облысында ірі медициналық мекемені жөндеу жоспары жайында сөз болды
Фото: Константин Шелков

Өңір басшысы Асайын Байханов ардагерлер кеңесімен кездесіп, жиында талқыланған негізгі мәселелердің бірі Екібастұз қалалық ауруханасының жағдайы болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кездесу барысында қала тұрғыны аурухана ғимаратына жөндеу жүргізу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, 1940-жылдары салынған нысан бүгінде күрделі жаңартуды қажет етеді. Медициналық мекеме бірнеше клиникалық бөлімшеден тұрады және көптеген тұрғынға қызмет көрсетеді.

– Жасымызға байланысты бұл ауруханаға жиі барып тұрамыз. Қалалық аурухананың жағдайын жақсарту және жөндеу жұмыстары жақын арада жоспарланып отыр ма? – деп сұрады зейнеткер өңір басшысынан.

Асайын Байханов аурухананы жаңғырту жобасы қазірдің өзінде пысықталып жатқанын атап өтті. Алдын ала есеп бойынша, медициналық жабдықтарды жаңартуға шамамен 10 миллиард теңге қажет. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

Көпсалалы аурухананың барлық корпустары мен ғимараттарының жалпы аумағы 40 мың шаршы метрден асады. Мекеме құрамында сегіз клиникалық бөлімше және 383 тәулік бойы жұмыс істейтін төсек-орын бар, оның ішінде 25 орын босану бөліміне тиесілі. Ауруханада 512 қызметкер еңбек етеді. 2025 жылы ұжымға тоғыз жас маман қосылған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, соңғы күрделі жөндеу 2024 жылы перзентхананың гинекологиялық корпусында жүргізілген. Кәсіпорынның кредиторлық қарызына байланысты ағымдағы жөндеу жұмыстары тек жекелеген учаскелерде атқарылған. Қазіргі таңда негізгі корпустарда орналасқан бөлімшелер абаттандыруды және қосымша медициналық жабдықтармен қамтуды қажет етеді.

Соған қарамастан тұрғындарға медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп келеді. 2025 жылы 620 миллион теңгеге 120 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынған. Олардың қатарында функционалды кереуеттер, каталкалар, реанимациялық жабдықтар мен операциялық блокқа арналған құрылғылар бар.

Медициналық мекемені одан әрі дамыту мақсатында 411 миллион теңгеге оңалту орталығын жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Сондай-ақ лизинг арқылы МРТ аппараты мен С-доға сатып алу жоспарланып отыр.

Жақын уақытта Екібастұз ауруханасы ғимараттардың техникалық жағдайын, инженерлік жүйелер мен өрт қауіпсіздігін жаңғырту жоспарына енгізіледі.