Павлодарлық дәрігерлер қызылшаға қарсы екпеден бас тартудың салдары жайлы ескертті
Егер ауру асқынған жағдайда науқас ауруханаға жатқызылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ғ. Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасы инфекциялық орталығының меңгерушісі Әсел Байғанова мәлім етті.
– Қызылша вирусы қанның клеткаларын зақымдауына байланысты бір жасқа дейінгі сәбилерге, қарт адамдарға, түрлі созылмалы аурулармен зардап шегетін науқастарға қауіп туғызады, – дейді Әсел Байғанова.
Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Зәмзагүл Досжанованың айтуынша, облыста иммундау науқаны басталғаннан бері 3476 баланың 2 930-ы екпе алған.
– Қызылшаға күдікпен үш бала ауруханаға түскен, олардың барлығы вакцинацияланбаған және орташа ауырлықтағы ауруға шалдыққан. Қызылша вирусы склерозды паненцефалит тудыруы мүмкін. Инфекциядан кейінгі мұндай асқыну сегіз жыл ішінде дамуы мүмкін. Бұл мінез-құлықтың бұзылуымен көрінеді. 80% жағдайда өлімге әкеледі. Өкінішке орай, облыста осындай диагноз тіркелген екі бала бар. Қызылшаға қарсы вакцинация – ауыр аурудың алдын алатын шара, – деді облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Ирина Орсагош.
Айта кетейік, қазіргі уақытта облыста қызылшадан бас тартқан 760 адамның 199-ы екпе алды. Қызылша инфекциясы бірнеше кезеңге бөлінеді. Катаральді кезең 3-7 күнге дейін созылады. Екінші кезең – бөртпе кезеңі. Бұл кезеңде денеге бөртпе шығып, бес күнге дейін созылуы мүмкін. Егер ауру асқынған жағдайда ауруханаға жатқызылады. Емделу уақыты кем дегенде 10 күннен басталады.