Қар құрсауында: павлодарлық «103» қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде

Қар құрсауында: павлодарлық «103» қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір дәрігерлері науқастарға жету үшін қарды кешіп, арнайы техника мен басқа қызметтердің көмегіне жүгінуге мәжбүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы күндері бірнеше күрделі шақырту тіркелген. Мәселен, Ақтоғай ауданы ауылдарының бірінде жақында инсульт алған, тырысу синдромы бар әйелге көмек қажет болған. Ал Павлодар ауданының Достық ауылында көшелерді қар басып жатқанына қарамастан медиктер тынысы тарылған балаға жетті. Екі жағдайда да науқастарға бару үшін арнайы техника тартылды.

Сонымен қатар Қызылжар ауылындағы «103» тірек пунктінің қызметкерлері екінші тәулік бойы ауыл шетіндегі үйге жаяу барып жүр. Онда кеуде тұсынан жарақат алған 58 жастағы әйелге ауырсынуды басатын көмек қажет.

– 11-нен 12 наурызға қараған түні бізге Құлакөл теміржол станциясынан шақырту түсті. Табаны сынған 27 жастағы ер адамды шұғыл түрде ауруханаға жеткізу керек болды. Жолдағы көрінімнің нашарлығына байланысты оны көлікпен алып шығу мүмкін болмады. Сондықтан медбикенің еріп жүруімен науқасты өтпелі пойыз арқылы Екібастұзға жеткізу туралы шешім қабылданды, – деді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.

Қазір ер адам Екібастұз қалалық ауруханасының дәрігерлерінің бақылауында.

Жедел жәрдем қызметі көптеген төтенше жағдайлардың алдын алуға болатынын ескертеді. Медиктер тұрғындарды дауылды ескертулерге жауапкершілікпен қарап, елді мекендерден тыс жерлерге шықпауға шақырады.

Сондай-ақ жүргізушілерден арнайы көліктерге жол беріп, мүмкіндігінше көмек күтіп отырған үйлерге баратын жолдарды тазартуға көмектесу сұралады. Қазіргі уақытта Павлодар облысындағы «103» қызметінің барлық бригадалары күшейтілген режимде жұмыс істеуде.