Павлодарлықтар пойызға кешігіп қалса, не істеу керек?

@Pavlodarnews.kz тілшісі билетті қалай қайтаруға болатынын анықтап көрді.
Жолаушылардың пойызға кешігіп қалуы – теміржол вокзалдарында жиі тіркелетін қолайсыз жағдайлардың бірі. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда жолаушы алдымен вокзалдағы билет кассасына барып, жағдайды кассирге дереу хабарлауы тиіс.
Егер жолаушы билетте көрсетілген станциядан жөнелтілетін уақыттан кейін бір сағат ішінде хабарласса, билет құнын жартылай қайтарып алу мүмкіндігі бар.
– Бұл үшін жеке куәлік пен билетті ұсыну қажет. Кассир тиісті құжаттарды рәсімдеп, егер бос орын болса, келесі пойыздарға балама нұсқаларды да ұсына алады, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері.
Айта кетейік, билет құнын қайтару мөлшері мен тәртібі – жолаушыларды, жүкті және пошта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне сәйкес белгіленеді.
Қосымша ақпарат пен кеңес алу үшін 1433 нөміріне немесе Павлодар теміржол кассаларына тікелей хабарласуға болады.