Баянауылдық оқушылар құпия көлге барды
Олар ұлттық табиғи саябақта болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданы Сұлужон жалпы орта білім беру мектебінің оқушылары еліміздің тарихи, мәдени, көрікті жерлерін тану мақсатында Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына саяхат жасады.
– Қарқаралы ауданының табиғаты, таулары біздің Баянауылдың табиғатына өте ұқсас екен. Алғашқы аялдама Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағынан бастау алды. Соның ішінде жас саяхатшыларға ұлттық саябақтағы бизондар, үйірімен жайылып жүрген бұғылар өте қызық болды, – дейді аудандық білім беру бөлімінде.
Сонымен қатар, саябақта «Табиғат» мұражайына танымдық экскурсия жасалды. Мұражайда Қарқаралы қаласының орман, тауларының макеті, арқар, бұғы, қасқыр, сілеусін, қабан сынды жыртқыш аңдар мен құстардың экспонаттары ұсынылған.
Қарқаралыда оқушылар аңызға айналған «Шайтанкөлге» барды. Шайтанкөл – Қарқаралы ауданының оңтүстік-батысында 5 км жерде орналасқан құпия көл. Сонымен қатар, саяхат барысында Қарқаралы қаласында орналасқан «Құнанбай қажы мешіті», «Қарқаралы тарихи – өлкетану» мұражайына барды.
Айта кету керек, саябақ 1998 жылы құрылған. Саябақта аңның 40, құстың 114, өсімдіктердің 66, балықтың сегіз түрі қорғауға алынған.