Солнечный кентіндегі жағалаудың алдағы демалыс маусымына дайындығы қандай?

Солнечный кентіндегі жағалаудың алдағы демалыс маусымына дайындығы қандай?
Фото: Константин Шелков

Бүгінгі күні су түбін тазарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиналыста аймақ басшысы Асайын Байханов Екібастұз қаласының қасындағы Солнечный кентіндегі жағалау бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. Себебі өткен маусымда бұл жағалаудың тазалығына, жалпы демалыс жұмыстарының үйлестірілуіне біраз шағымдар түскен. 

– Солнечный кентіндегі жағажай «Экибастуз сервис» ұйымына жүктелген. Осы күнге дейін барлық тиісті қаражаттар бөлінді. Бүгінде жағажай аумағын санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде. Мамыр айының соңына дейін су түбін тазарту жұмыстары жүргізілетін болады, – деді қала әкімі Аян Уахитов. 

Бұл ретте, Асайын Байханов былтырғы жылы өңірімізде жеті адам суға батып кеткенін, оның ішінде екі баланың өмірі қиылғанын еске алды. Сондықтан бұл бағыттағы барлық қажетті жұмыстарды үйлестіру қажет екенін, әсіресе табиғи және жасанды су айдындары маңында орналасқан барлық қала мен аудандардың әкімдері мен орынбасарларына аса жауаптылықпен қарауды тапсырды. 

– Жазғы маусым басталғанға дейін арнайы штаб құруды міндеттеймін. Штаб отырысын жаз басталмай, яғни шомылатын маусым басталмай тұрып әр апта сайын, содан кейін жаздың ортасынан бастап әр екі аптада бір рет өткізуді жүктеймін, – деді облыс әкімі.  

Еске сала кетейік, өңірге биылғы жылы 267 мың турист келеді деп күтілуде. Жазғы кезеңде демалушылардың негізгі ағынын Баянауыл демалыс аймағы, Маралды көлі және облыс орталығы қабылдайды. Сондай-ақ, азаматтардың демалуына арналған негізгі орындар – Аққулы ауданында Тұзқала, Солнечный кентіндегі жағажай және Шарбақты ауданындағы Шалдай қарағай орманы болып табылады. Өңірдегі 47 жағажайдың 20-сы жабдықталып, жеке кәсіпкерлерге бекітілген.