Павлодарлықтар Құрылтай сайлауынан қандай өзгеріс күтеді?

Павлодарлықтар Құрылтай сайлауынан қандай өзгеріс күтеді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аймақтың қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері Парламент – Құрылтай депутаттарының сайлауының маңызын атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2026 жылдың 23 тамызында Қазақстанда жаңа Конституция негізінде алғаш рет Парламент –Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Конституциялық реформалар аясында жүзеге асып жатқан бұл өзгерістердің басты мақсаты – халықтың еркін барынша айқын білдіретін, заң шығару қызметінің тиімділігі мен жауапкершілігін арттыратын жаңа саяси модель қалыптастыру.

– «Құрылтай» ұғымының өзі қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Ол – ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланып, ортақ шешім қабылданатын дәстүрлі кеңес институты. Сондықтан бұл атаудың қазіргі мемлекеттік басқару жүйесінде қайта жаңғыруы – ұлттық тарихи сабақтастықтың көрінісі, – дейді Торайғыров университетінің профессоры, саяси ғылымдарының докторы Арман Акишев. 

Ол жаңа Конституция аясында енгізілген өзгерістер сайлау үдерісін жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік беретіне сенетінін атап өтті. 

– «Құрылтай» ұғымының өзі – халықтың барлық жігінің үнін жеткізетін дәстүрлі әрі заманауи институционалдық алаң. Жоғары заң шығарушы органды осындай концептуалды жаңа негізде жасақтау Заң шығару бастамаларына қоғамның тікелей қатысуын арттырады, – дейді Бұқар Жырау атындағы облыстық мәдениет және өнер музейінің директоры, жазушы-өлкетанушы Ербол Қайыров. 

Ол ең бастысы бір палаталы Құрылтай форматы заң жобаларын қарау мен қабылдау мерзімін бюрократиясыз қысқартуға мүмкіндік беретіне сенетінін жеткізді. 

– Халықтың мәселесін нақты білетін, өз ісінің маманы, жауапкершілігі жоғары азаматтар Құрылтайға келуі тиіс. Менің ойымша, жаңа құрамдағы депутаттар қабылдайтын шешімдерімен қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, еліміздің дамуына нақты үлес қосады, – деді ұстаз, спортшы, «Жігіт сұлтаны – 2026» байқауының жеңімпазы Нұсұлтан Ахылбек. 

Қоғам өкілдерінің басым көпшілігі Конституциялық жаңаруларды қолдап, елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформалардың мемлекетіміздің тұрақты дамуына, қоғамдық келісімнің нығаюына және жарқын болашақтың қалыптасуына берік негіз қалайтынына сенім білдіруде.