Ақтоғай ауданында жаңа жобалар суармалы жерлерді арттыруға септігін тигізеді

Ақтоғай ауданында жаңа жобалар суармалы жерлерді арттыруға септігін тигізеді
Фото: Константин Шелков

Бірақ электр қуатына қатысты мәселені шешу керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов мәлім етті. 

Аудан билігі 5,5 миллиард теңгеден астам төрт инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Іске асырылған жағдайда 50 тұрақты және 180 маусымдық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады.

Аудан әкімі Қаршыға Арыновтың айтуынша, «Ақтоғай-АГРО» серіктестігі екі жобаны жүзеге асыруда. Жоламан ауылында кәсіпорын тауарлы сүт фермасының қуаттылығын арттыруды көздеп отыр. Төрт сиыр қорасын салып, сауу қондырғыларын сатып алуда. Инвестиция көлемі үш миллиард теңгені құрайды.

– Ірі қараның сауын басы 1000-нан 1500 басқа, ал асыл тұқымды мал басы 1900 басқа дейін өседі. Жобаны шілде айында аяқтау жоспарлануда, – дейді Қаршыға Арынов. 

Қожамжар ауылдық округінде «Ақтоғай-АГРО» серіктестігі 365 гектар жерді суармақ. Инвестиция көлемі 1,5 миллиард теңгені құрайды. Компания алты суарғыш машина, сорғы станциясының жабдықтарын сатып алып, учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстарын бастады.

Аталмыш ауылдық округте «Агро Терра» ЖШС 770 гектар суармалы жер телімін салуда. Жобаға 550 миллион теңге инвестиция тартылды.

Қараоба ауылдық округіндегі 374 гектар суармалы жер телімінің құрылысын «Молочное село» шаруа қожалығы жүргізуде. Жер телімі пайдалануға берілді. Қазірдің өзінде екі спринклер орнатылды.

– Осы жобаларды жүзеге асырған кезде суару алқабы 6,5 мың гектарға жетеді. Бірақ электр қуатының тапшылығы проблемалы болып тұр. Оны шешудің екі жолы бар – ескі қосалқы станцияны қайта құру немесе жаңасын салу. Бұл мәселені «Павлодар энергия тарату компаниясы» мекемесі шешуде, – дейді аудан әкімі. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Қаршыға Арынов Ақтоғай ауданында баспана мәселесінің қалай шешіліп жатқанын айтқан болатын.