Павлодарға оқуға келген студенттер емханаға қалай тіркеледі?

Павлодарға оқуға келген студенттер емханаға қалай тіркеледі?
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Бекіту рәсімін бір күнде аяқтауға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде жаңа оқу жылы басталғанда студенттердің медициналық ұйымдарға жүгінуі артады. Бұған медициналық тексеруден өту, анықтама алу және басқа қаладан келген жастардың жаңа климат пен тұрмыс жағдайына бейімделуі себеп.

Сұлтанмахмұт Торайғыров университетінің корпусында жұмыс істейтін «Мediker» клиникасының аға медбикесі Кристина Якубованың айтуынша, қазір емханаға 920 білім алушы тіркелген. Оның 78-і – шетелден келген жастар. Қыркүйек айы басталғалы 46 студент медициналық көмекке жүгінген.

– Қыркүйектің басында жастардың дәрігерге қаралуы әдетте көбейеді. Бұл кезеңде жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау, асқазан-ішек жолдарының аурулары, стресс пен шаршауға байланысты шағымдар жиі кездеседі. Сонымен қатар, дене жүктемесіне байланысты жарақаттар мен созылмалы аурулардың асқынуы да байқалады, – деді ол.

Маманның сөзінше, студенттер арасында суық тию жағдайларының көбеюіне күздің басталуы мен адамдардың көп шоғырлануы әсер етеді. Аудиториялар мен жатақханалардағы тығыздық вирустардың тез таралуына ықпал етеді. Бір бөлмеде бірнеше адамның тұруы науқасты оқшаулауды да қиындатады.

Тағы бір жиі кездесетін мәселе – асқазан-ішек жолдарының бұзылуы. Тамақтану тәртібінің өзгеруі, фастфуд пен құрғақ тағамды көп тұтыну гастриттің асқынуына әкелуі мүмкін. Ауырған жағдайда диеталық тамақтану немесе қатаң төсек режимін сақтау жатақханада қиындық туғызады.

Жаңа ортаға бейімделу де студенттердің денсаулығына әсер етеді. Қоршаған ортаның өзгеруі мен оқу жүктемесі стресс, бас ауруы, ұйқының бұзылуы және психосоматикалық шағымдарға себеп болуы мүмкін.

– Сырттан оқуға түскен білім алушылар «Мediker» клиникасына eGov.kz арқылы онлайн тіркеле алады. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба немесе бір реттік пароль қажет. Жеке куәлікті цифрлық құжат түрінде ұсынуға болады. Кей жағдайда студент мәртебесін растау үшін оқу орнынан анықтама немесе студенттік билет сұралады. Тіркеу бір жұмыс күнінде аяқталады, – деді аға медбике.

Клиникаға тіркелген және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған жастар медициналық көмекті бірдей көлемде алады. Тұрақты тіркеу орны көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен көлеміне әсер етпейді.

Шұғыл және жедел медициналық көмек тіркелген-тіркелмегеніне немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, барлығына тегін көрсетіледі. Өмірге қауіп төнген жағдайда 103 нөміріне хабарласуға немесе клиниканың фильтр-кабинетіне жүгінуге болады.

Жұмыс істейтін студенттерге де ресми түрде еңбекке уақытша жарамсыздық парағы рәсімделеді. Студенттің білім алып жүргені оның ресми түрде жұмыс істейтін қызметкер ретіндегі құқықтарына әсер етпейді.

ЖРВИ немесе тұмау кезінде медициналық ұйым құжаттарды олардың тағайындалуына қарай рәсімдейді. Жұмыс беруші үшін еңбекке уақытша жарамсыздық парағы  беріледі. Ол электронды түрде рәсімделіп, жұмыс берушіге жіберіледі. Бұл құжат қызметкерді жұмыстан уақытша босатуға және еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы тағайындауға негіз болады.

Ал оқу орнына ұсыну үшін медициналық анықтама беріледі. Ол студенттің дәрістерге, семинарлар мен емтихандарға қатыспау себебінің орынды екенін растайды. Алайда медициналық анықтама жұмыс беруші тарапынан төленбейді.

Ал жоспарлы тексеруден өту, талдау тапсыру және бейінді мамандарға жолдама алу үшін студенттер алдымен медициналық ұйымға тіркелуі қажет.Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жедел жәрдем, шұғыл жағдайлар кезіндегі алғашқы медициналық көмек және әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша медициналық қызмет көрсетіледі. 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған студенттерге тар бейінді мамандардың консультациясы, зертханалық зерттеулер, соның ішінде қан талдауы мен полимеразды тізбекті реакция әдісі арқылы жүргізілетін зерттеулер, ультрадыбыстық зерттеу, магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография және рентген сияқты диагностикалық қызметтер қолжетімді.

Сондай-ақ жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу және дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету қарастырылған. Күндізгі бөлімде оқитын білім алушылар жеңілдік санатына жатады, олар үшін жарналарды мемлекет төлейді.

Емханада студенттерге профилактикалық тексерулер мен денсаулықты нығайту шаралары да жүргізіледі. Олардың қатарында жыл сайынғы флюорографиялық тексеру, терапевт қабылдауы және негізгі зертханалық талдаулар бар. Ал 15 қыркүйектен бастап студенттерге тұмаудың алдын алуға арналған маусымдық вакцинация жүргізіле бастайды. Сонымен қатар, жасына қарай дифтерия мен сіреспеге қарсы адсорбцияланған аз мөлшерлі вакцина егіледі.

Бұдан бөлек, оқу орнында студентерге салауатты өмір салты, жұқпалы аурулардың алдын алу және психикалық денсаулық бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.