Аққулы ауданында жаңа медпункт салынды
Тілектес ауылының медициналық пункті бұған дейін тұрғын үйде болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Нысан ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды.
Аққулы аудандық аурухасының бас дәрігері Айдын Көпайдарованың айтуынша, жоба бойынша мұнда күндізгі стационар қарастырылмаған, дегенмен екі орындық стационар ашу жоспарда бар.
– Тәулігіне 12 адам келеді. Көбінесе қан қысымының жоғарылауымен жүгінеді. Қазіргі таңда ЖРВИ, пневмониямен ауыратын балалар келеді. Екі медбике жұмыс істейді, бірақ дәрігер жоқ. Дәрігерлер ауданнан келеді, жоспар бойынша дәрігердің баруын ұйымдастырамыз. Медпунктте медициналық қызметкерлер жұмыс істейді, – дейді Айдын Көпайдарова.
Медициналық пунктте алғашқы жәрдем, ересектер мен балаларға амбулаторлық көмек көрсетіледі, қабылдауға жазылу, екпелерді тексеру жүргізіледі, негізгі дәрі-дәрмектер тегін таратылады. Ультракүлгін сәулелендіргіш, дефибриллятор, инфузиялық сорғы, тонометр, телекардиограф ЭКГ құрылғысы, өкпе көлемін анықтау үшін спирограф, физиотерапиялық екі аппарат сатып алынған. Физиотерапиялық құралдар буындарды, остеохондроз, ревматизм, сүйек ауруларын емдеуге арналған. Бұған дейін медициналық пункттерде мұндай құрылғы болмаған.
Ауыл тұрғындарының бірі күндізгі стационар ашуды өтініп, жерлестерінің атынан ризашылығын білдірді.
– Біздің ауыл сияқты кішкентай ауылға келіп, адамдарды тыңдап, мәселелерді шешіп жүргеніңізге рақмет! – деп ақсақал алғысын жеткізді.
Медициналық пунктті қарап шыққан аймақ басшысы Асайын Байханов онкология, кардиология салаларына ерекше назар аударылатынын атап өтті.
– Дәрігерлердің жұмысы оңай емес. Ауырған адамның көңіл күйі болмайды. Онкология және басқа да кеселдер бар. Сондықтан бірінші қалалық ауруханада гибдридтік оталар жасауды қолға алудамыз. Әкімдерге дәрігерлерге жағдай жасауды тапсырамыз, жас мамандарды тарту оңай емес. Олар үшін жатақхана салудамыз, – деді Асайын Байханов.
Айта кетейік, аймақ басшысы Тілектес ауылының клубында Аққулы ауданының тұрғындарымен кездесті.