Павлодар облысының халқын вакцинациялау басталатын шақ жарияланды
Павлодар облысында вирустық инфекциялар маусымына дайындық күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында денсаулық сақтау нысандарының күзгі-қысқы кезеңде вирустық инфекциялармен жұмыс істеуге дайындығы қаралды. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес өңірде эпидемиологиялық маусымға дайындық басталды. Биыл облыс халқының кемінде 10 пайызына тұмауға қарсы вакцина салу жоспарланып отыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Кучуковтың айтуынша, вакцинация 15 қыркүйектен бастап профилактикалық егулерге жататын азаматтарға жүргізіледі. Олардың қатарында егде жастағы адамдар, ерте жастағы балалар, мектеп оқушылары, созылмалы аурулары бар азаматтар, жүкті әйелдер, сондай-ақ жабық үлгідегі және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мекемелеріндегі адамдар бар.
- Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізіледі. Вакцинация ақпараттандырылған келісім алынғаннан кейін жүзеге асырылады. Инфекция жұқтыру қаупі жоғары халық топтарына ерекше назар аударылады, — деді Ермек Кучуков.
Тұмауға қарсы вакциналар «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы орталықтандырылған түрде сатып алынуда. 70 мың доза вакцинаға 70 миллион теңге сомасына шарт жасалған. Қосымша он мың дозаны он миллион теңгеге сатып алу процесі жүріп жатыр. Вакциналардың облысқа 15 қыркүйекке дейін жеткізілуі күтілуде.
Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық дайындығы да қамтамасыз етілген. Биыл 69 фармацевтикалық тоңазытқыш, 100 термоконтейнер, он ірі габаритті ТМ-50 термоконтейнері және 80 термологгер сатып алынды.
Иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер кезінде вакцинация жүргізуге және шұғыл көмек көрсетуге 250 егу кабинеті мен 87 егу бригадасы дайындалды.
- Медициналық ұйымдарда тұмауға қарсы препараттардың, жеке қорғаныс құралдары мен медициналық шығыс материалдарының қажетті қоры қалыптастырылды. Қарқынды терапия мен респираторлық қолдауды қажет ететін пациенттерге көмек көрсету үшін 274 өкпені жасанды желдету аппараты, 1 673 пульсоксиметр және оттегі терапиясына арналған 876 бірлік жабдық бар, — деп атап өтті басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Эпидемиологиялық ахуал күрделенген жағдайда науқастарды орналастыру үшін облыста 326 инфекциялық және 49 пульмонологиялық төсек дайындалды. Балаларға арналған төсектердің негізгі бөлігі Павлодар облыстық балалар ауруханасында орналасқан — мұнда 225 инфекциялық және бес пульмонологиялық төсек қарастырылған. Ақсу қалалық ауруханасында 25, Екібастұз қалалық ауруханасында 21 инфекциялық төсек дайындалған.
Ересек пациенттер үшін Ғ. Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасында 30 инфекциялық және 24 пульмонологиялық, ал Екібастұз қалалық ауруханасында он инфекциялық және 20 пульмонологиялық төсек бөлінген.
Инфекциялық төсек қорының толтырылуы 85 пайызға жеткен жағдайда мамандандырылған стационарларда қосымша төсектер орналастырылады. Өткен жылы осы мақсатта 110 инфекциялық төсек қосымша ашылған.
Күзгі-қысқы маусымда медициналық ұйымдардағы санитариялық-эпидемияға қарсы режим де күшейтіледі. 15 қыркүйектен бастап кіреберістерде ЖРВИ және тұмау белгілері бар пациенттер үшін «сүзгілер» жұмысын бастайды. 1 қазаннан бастап медицина қызметкерлері үшін маска режимін енгізу жоспарланған.
Азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында 17 мобильді бригада жұмыс істейді. Эпидемиологиялық жағдай күрделенген кезде олардың саны әр бес мың тұрғынға бір бригада есебінен ұлғайтылады.
Сонымен қатар ЖРВИ мен тұмау мәселелері бойынша азаматтарға кеңес беру үшін 45 телефон желісінің жұмысы ұйымдастырылған. Үйде медициналық көмек көрсету үшін қосымша 37 автокөлік қарастырылған.
Ерекше бақылауда жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға үйде медициналық көмек көрсету мәселесі болады. Бұл санаттағы пациенттердің шақыртуларына басымдық беріліп, күнделікті патронаж және қажет болған жағдайда уақтылы ауруханаға жатқызу қамтамасыз етіледі.
Медицина қызметкерлерін даярлау жұмыстары да жалғасуда. 43 медициналық ұйымда ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу және емдеу мәселелері бойынша оқыту жүргізілуде. Бүгінге дейін 48 оқыту семинары өткізіліп, 586 дәрігер мен 1 225 орта медицина қызметкері дайындықтан өтті. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлеріне 261 нұсқама берілді.