Пойызда ішкен: Павлодар облысының тұрғыны қамауға алынды
Оқиға Алматы-Павлодар бағытындағы жолаушылар пойызында орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық бұзған жолаушы Шығыс Қазақстан облысы Ақтоғай станциясына келгеннен кейін пойыз бастығының актісі бойынша түсіріліп, желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне берілген.
– Тексеру барысында көлік полицейлері Павлодар облысының 28 жастағы тұрғынын анықтады. Ол жол бойында алкогольдік ішімдіктерді ішіп, балағат сөздер айтып, жолсеріктердің ескертулеріне құлақ аспаған. Осылайша қоғамдық тәртіпті бұзған, – дейді полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
Тәртіп сақшылары құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 3-бөлігі (алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу), 434-бабы 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша екі хаттама толтырып, іс Павлодар облысы Баянауыл аудандық сотына жіберілді.
– Айта кету керек, бұл ер адам бұған дейін қоғамдық орындарда алкоголь ішкені үшін жауапқа тартылған болатын. Бір жыл ішінде қайталап жасап отыр. Сот әкімшілік істің материалдарын қарап, оны 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жаза тағайындау туралы қаулы шығарды, – деді полиция полковнигі.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері жолаушылар пойыздарынан түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 269 құқық бұзушы акт бойынша түсірілген. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін - 244, ұсақ бұзақылық үшін – 8 және т.б.