Темекі тұқылы өртке себеп болды: Павлодарда контейнерлер жанды
ТЖД өрт қауіпсіздігін сақтау және жанып тұрған заттарды тастамау қажеттігін ескертеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен демалыс күндері Павлодар қаласында қоқыс контейнерлерінің жануы бойынша үш өрт оқиғасы тіркелген.
– Мұндай хабарламалар түскен бойда өрт сөндіру күштері мен техникасы жедел жіберіледі, өйткені шақыру кезінде өрттің нақты ауқымын анықтау мүмкін емес. Жалын жақын маңдағы автокөліктерге, ғимараттарға немесе ойын алаңдарына тез таралу қаупі жоғары, – деп атап өтті мамандар.
Кезекті оқиға 26 қазанда Н. Назарбаев даңғылы, 44 мекенжайында болған. №3 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жануды дереу сөндіріп, оның таралуына жол бермеді.
2025 жылдың басынан бері ТЖД бөлімшелері қоқыс өртіне 94 рет шыққан: оның 61-і Павлодарда, 33-і Екібастұзда тіркелген. Мамандардың айтуынша, қазіргі заманғы контейнерлердің пластиктен жасалуы коммуналдық меншікке айтарлықтай зиян келтіреді.
Облыстық ТЖД өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Контейнерлерге жанып тұрған қалдықтарды тастамаңыз. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.