Павлодар облысының ірі жүйе құраушы кәсіпорны 60 жылдық мерейтойын атап өтті

Павлодар облысының ірі жүйе құраушы кәсіпорны 60 жылдық мерейтойын атап өтті
Фото: Валерий Бугаев

ERG құрамына кіретін Павлодар алюминий зауытының мерейтойы Естай атындағы мәдениет сарайында кеңінен атап өтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар алюминий зауыты мен электр станциясының ұжымын, сондай-ақ, металлургия саласының қызметкерлерін металлургтер күнімен құттықтап, олардык қажырлы еңбегі мен істегі адалдығы үшін алғысын білдірді. 

– Өңіріміздің металлургтері кәсіби мерекелерін атап өтуде. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында еліміз металлургия бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарында, ал, өңір өнеркәсібі флагмандарының тұрақты жұмысы мыңдаған павлодарлықтардың әл-ауқатының және жалпы облысымыздың дамуының кепілі болып табылады. 60 жыл - бұл зауыт жұмысшыларының, ПАЗ ардагерлерінің өмірінде ғана емес, облыстың барлық тұрғындары үшін үлкен оқиға. Осы жылдар ішінде кәсіпорын облыс экономикасына елеулі үлес қосып, даңқты жолдан өтті. Іске қосылған күннен бастап 68 млн. тоннадан астам алюминий тотығы өндірілді. ЖЭО-1 электр станциясы Павлодар тұрғындарының 40% жылумен қамтамасыз етеді. Әрбір өндірістік санның артында біздің металлургтердің орасан зор еңбегі жатыр, – деді аймақ басшысы.


Атаулы күнге орай Асайын Байханов мемлекеттік наградаларды және облыс әкімінің Құрмет грамоталарын табыстады. Еліміздің металлургия өнеркәсібін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен Ақсу ферроқорытпа зауытының шебері Мақсат Арынғазинов пен АФЗ балқытушысы Павел Сидоров марапатталды. «Еңбек Даңқы» орденімен Электролиз зауытының операторы Нұржан Жақыпов пен ҚЭЗ слесары Берік Тезекбаев марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен АФЗ және ҚЭЗ-ның 6 қызметкері марапатталды. «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі «Қазақстан алюминийі» АҚ гидрометаллургы Байболат Құсайыновқа және ҚЭЗ зертханашысы Тамара Сталеваға табысталды. Облыс әкімінің Құрмет грамоталары ПАЗ-дың 5 қызметкеріне табысталды.

Сондай-ақ, биыл ERG өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Мереке құрметіне орай алюминий дивизионына салалық марапаттар табысталды. Өндірістің 3 озық шебері басшылықтан пәтер, тағы 10 қызметкер автокөлік алды.


Мерейтой жарқын концертпен аяқталды. Мерекелік бағдарламаның басты хэдлайнерлері қазақстандық әнші Әміре және «Nе prosto оrchestra» симфониялық оркестрі болды.