Железин ауданының ауыл мектебіне күрделі жөндеу жүргізіледі
Бұл мақсатқа 182 миллион теңге бөлінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов Железин ауданына жұмыс сапары барысында Веселая роща жалпы орта білім беру мектебінде болды. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұрлан Қапаров биыл «Ауыл – ел бесiгi» бағдарламасы бойынша аталған білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
– Білім ордасының төбесі мен электр желілері ауыстырылып, мектеп аумағы абаттандырылады, су құбыры мен жылумен жабдықтау жүйесі жөнделеді. Мемлекеттік сатып алу арқылы конкурс жарияладық. Нәтижесін күтіп отырмыз, – дейді Нұрлан Қапаров.
Мектеп директоры Жанна Бектасова биыл тіпті, қатты аяз кезінде ең суық кабинетті жауып тастауға тура келгенін айтады.
– Күрделі жөндеуден кейін жылы болады деп үміттенеміз. Жылу жүйесінің толық ауыстырылатындығына өте қуаныштымыз. Бұл – біз үшін ең үлкен мәселе. Осы мәселе бойынша қамқоршылық кеңесіне де хат жазған болатынбыз. Суық кездері алауошақ қосқымыз келген едік, бірақ оған электр желілері жүктемені көтере алмайды. Розеткалар балқып кетеді, – дейді Жанна Бектасова.
Ал шағын орталықтың тәрбиешісі балаларға дамыту ойыншықтары бөлінсе екен деген тілек білдірді.
– Мектептің салқын екеніне қатысты шағымдар түсті. Сондықтан облыс бойынша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаражатты үнемдеп, 182 миллион теңге қаржы бөлінді. Балаларға жайлы орта құру керек, – дейді Асайын Байханов.
Веселая роща жалпы орта білім беру мектебінде 157 оқушы білім алады. Оның ішінде 119-ы 1-11-сыныптардың оқушылары, 32 бала шағын орталыққа және алты бала мектепке дейінгі дайындық сыныбына барады.