Сапасыз қызмет: Павлодарда медициналық мекемелерден бес миллион теңге өндірілді
Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Жоғарғы сот баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылдың 16 ақпанында жедел жәрдем 56 жастағы ер адамды Павлодардағы №3 қалалық ауруханасына жеткізген, бірақ оны ауруханаға жатқызудан бас тартқан.
Ол 17 ақпан мен 4 наурыз аралығында Павлодардың емдеу мекемелеріне – «Almaz Medical Group», облыстық ауруханаға, емханаға және №1 қалалық ауруханаға бірнеше рет хабарласқан. Олар алдымен «бронхит», содан кейін «жедел панкреатит, холециститпен бірге өт жолдарының тастары» диагнозын қойған.
Медициналық мекемелердің көрсеткен медициналық қызметі еш нәтиже бермей, науқас 12 наурызда қайтыс болған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы оқиғасы бойынша және құқық бұзушылық іс-әрекетінің болмауына байланысты істі тоқтатқан.
Қайтыс болған адамның қызы Павлодар қалалық сотына әкесінің өліміне және оның азап шегуіне әкеліп соқтырған сапасыз медициналық көмекке байланысты қаланың емдеу мекемелерінен моральдік шығынды өтеу үшін 10 миллион теңге өндіру туралы талап қоюмен жүгінген. Алайда бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Сапасыз медициналық көмек көрсету фактісі дәрігерлерді тәртіптік жауапкершілікке тартумен және сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен расталды.
Жалпы, медицина қызметкерлері науқастың ауруының ауырлығын жете бағаламай, оны жансақтау бөліміне кеш ауыстырған, бұл оның жағдайын нашарлатқан.
Апелляция науқастың денсаулығының нашарлауы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеу салдарынан болғанын, сондай-ақ қажетті диагностикалық және емдік шаралар жүргізілмегенін, тиісті күтім жасалмағанын ескерді.
Бұл науқастың өзіне және туыстарына айтарлықтай зардап әкелді. Сондықтан моральдік зиянды өтеуге негіз болып табылады.
Жауапкерлер АК-нің 917-бабын басшылыққа ала отырып, медициналық көмектің сапасыз болуына өздерінің кінәлі емес екендігі туралы сенімді дәлелдемелерді ұсынбаған.
Айта кетейік, белгіленген мән-жайлардың жиынтығын, негізділік пен әділдік өлшемшарттарын ескере отырып, талап қою ішінара қанағаттандырылды: медициналық мекемелерден бес миллион теңге өндірілді.