Тереңкөл аудандық ауруханасы жаңа ғимаратқа неліктен көшірілмеді?

Тереңкөл аудандық ауруханасы жаңа ғимаратқа неліктен көшірілмеді?
Константин Шелковтың фотосы

Қазіргі аурухана ғимараты 1967 жылы салынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Соңғы капиталдық жөндеу жұмыстары 2003 жылы жүргізілді. Өз қаражаты есебінен ағымдағы жөндеулер жасалуда, алайда бұл жеткіліксіз, ғимараттың өзі ескіріп, санитарлық талаптарға сай келмейді.

Аурухананы жаңа ғимаратқа көшіру жоспары бар. Тереңкөл ауылының кіреберісіндегі 2006 жылы салынған туберкулез диспансері бос тұр. Сол жерге аудандық аурухананы орналастыру қарастырылуда. Арнайы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды да берілген.

– Алайда көшірудің нақты мерзімі белгіленбеген, мәселе әлі қаралу үстінде. Егер көшу жүзеге асса, тубдиспансердің жанынан жаңа емхана ашу мүмкін, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Нұргүл Умурзакова.

Аурухана қызметкерлері жаңа ғимаратқа көшуге дайын. Өйткені диспансер ғимараты денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттік нормативтері мен санитарлық-эпидемиологиялық нормалар талаптарына сай келеді.

Қазіргі аурухана стационарлық, амбулаториялық-поликлиникалық және шұғыл медициналық көмек көрсетіп отыр. Штатта барлығы 254 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 33 дәрігер, 119 орта буын медицина қызметкері және 81 басқа қызметкер бар. Бірақ маман тапшылығы айқын сезіледі. Қазір ауданда невропатолог, рентгенолог, ЛОР дәрігері, психиатр-нарколог және педиатр жоқ. Бұл қызметтер тек қосымша негізде көрсетіледі. Сондай-ақ хирург, терапевт және жалпы практика дәрігерлері де жетіспейді. 

Айта кетейік, Тереңкөл ауданында жалпы сегіз мың адам тұрады.