Павлодарда мектепке дейінгі ұйымдар ваучерлерге көшті

Павлодарда мектепке дейінгі ұйымдар ваучерлерге көшті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мамыр айынан бастап балабақшалар мен шағын орталықтар жаңа қаржыландыруға көшті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласы білім беру бөлімі мектеп алды оқыту және тәрбиелеу секторының меңгерушісі Гүлбаршын Алтыбасарованың айтуынша, пилоттық жоба аясында 16,5 мыңнан астам мектепке дейінгі мекемелерге баратын балалар автоматты түрде ваучер иегері атанды. Жалпы алғанда осы уақытқа дейін 1964 ваучер берілді, оның ішінде жалпы білім беретін балабақшаларға – 1924, арнайы балабақшаларға – 19, санаторлық балабақшаларға – 21 ваучер. 

Қазіргі таңда жүйеде 603 бос орын бар, оның ішінде 132 орын – жеке меншік балабақшаларында. Жобаның арқасында кезектің ашықтығы және нақтылығы артып, ресурстар балабақшаға мұқтаж балаларға бағытталды.

– Ваучерлік қаржыландыру енгізілгеннен кейін, өзектілігін жоғалтқан, басқа қалаға көшу немесе балабақшаға деген қажеттіліктің болмауы ата-аналардың өтініштері кезектен алынып тасталды, – деді Гүлбаршын Алтыбасарова.

Сонымен қатар, ол жобаның арқасында ата-аналар енді өз бүлдіршіндеріне өздері мектепке дейінгі мекемелерді таңдай алатынын атап өтті. 

–  Яғни, баланы бір ұйымнан өзге ұйымға ауыстыру процесі оңай бола түсті. Енді балабақшаны ауыстырғанда баланы қайта кезекке тұрғызу қажет емес, – деді сектор меңгерушісі.

Облыстық білім беру басқармасының жалпы, орта және мектепке дейінгі білім беру бөлімінің бас маманы Ғалия Байдалинаның сөзінше, балабақшалар және шағын орталықтардың басшылары, Астана қаласында пилоттық жоба іске қосылған мекемелердің басшыларымен кездесіп, бірігіп жұмыс атқарған.

Айта кету керек, ваучерлік қаржыландыру арқасында қаражат мекемелерге емес, әр балаға бөлінеді. Бір ваучер құны 56 мың теңгені құрайды.

Ислам Достов