Шарбақты ауданында шетелдік туристер қазақы қонақжайлылыққа риза болды

Қызметкерлер бағыт көрсетіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, шынайы қазақы қонақжайлылық танытты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Шарбақты ауданында велосаяхаттап жүрген шетелдік туристер Томми мен Джейкоб Волл патрульдік полиция қызметкерлерінің жылы қарсы алуына риза болып, алғыстарын білдірді. Тәртіп сақшылары оларға тек бағыт көрсетіп қана қоймай, шынайы қазақы қонақжайлылық танытып, аймақ туралы ақпаратпен бөлісті.
– Полиция қызметкерлері туристердің бағытын сұрап, аймақтың жол ерекшеліктері туралы айтып берді, қауіпсіздік ережелерін еске салып, жол жүру ережесін қатаң сақтау керектігін атап өтті. Қоштасарда жолдарының ашық, сапарлары сәтті болуын тіледі. Шетелдік қонақтар көрсетілген қамқорлық пен ықылас үшін шын жүректен алғыстарын білдіріп, мұндай ықыласты қарым-қатынастың ел туралы жылы әсер қалдыратынын айтты, – делінген хабарламада.
Ведомствода атап өткендей, осындай қарапайым, бірақ маңызға толы әрекеттер полиция қызметкерлерінің беделін арттырып, халық сенімін нығайта түседі.