Павлодар облысында жүзден астам «Құқық кабинеті» азаматтарға қызмет көрсетуде
Өңір тұрғындары арнайы жабдықталған орындарда нормативтік құқықтық актілермен танысып, мемлекеттік қызметтерді тегін ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Әділет департаменті мен жергілікті әкімдіктердің бірлескен жұмысының нәтижесінде аймақта 135 «Құқық кабинеті» ашылды. Бұл кабинеттер қалалар мен аудандардағы тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті жеңілдетуге бағытталған.
Әрбір кабинетте «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне қосылған компьютерлер орнатылған. Тұрғындар мұнда елдегі қолданыстағы заңдар мен қаулыларды оқи алады. Сонымен қатар, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары арқылы egov.kz порталын, e-Otinish жүйесін пайдалануға жағдай жасалған.
Барлық мемлекеттік органдарда азаматтарға бағыт-бағдар беретін арнайы жауапты мамандар бекітілген. Олар тұрғындарды құқықтық актілермен таныстырып, электронды қызметтерді алу жолдарын түсіндіреді.
– Құқық кабинеттеріне өтініш білдірген азаматтарға жергілікті атқарушы орган қызметкерлері тұрақты түрде көмек көрсетеді. Жыл басынан бері осы жоба аясында 5 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді, – деп хабарлады департамент өкілдері.
Мамандардың айтуынша, мұндай орындар әсіресе интернеті шектеулі немесе мемлекеттік порталдарды пайдалануда қиындық көретін ауыл тұрғындары үшін тиімді болып отыр. Әділет департаменті бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырмақ.