Екібастұзда медпункттің құрылысы кешіктірілуде
Нысан тамыз айында тапсырылуы керек еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Аmanat» партиясының облыстық филиалы жанындағы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің мүшелері Екібастұз қаласына қарасты Марғұлан ауылындағы медпункттің құрылыс барысымен танысты. Ауылдық медициналық пункт 2023 жылдың тамызында пайдалануға берілуі керек еді, алайда, нысанға барған кезде комиссия бірқатар елеулі ескертулер мен кемшіліктерді тапты.
– Жылу жүйесі жүргізілді, бірақ-та қосылмаған. Нысанда бірде-бір жұмысшы байқалмайды. Әлі күнге дейін ешқандай ішкі есіктер орынатылмаған, жарықтандыру жоқ. Сыртқы абаттандыру жұмыстары да жөнді жүргізілмеген. Жұмысқа деген немқұрайлылық байқалып отыр. Ведомстволық құрылымдар тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығын көріп отырмыз, – деп атап өтті кеңес мүшелері.
«ГрадСтрой» ЖШС мердігерлік ұйымының өкілдері негізгі жұмыстар 6 желтоқсанға дейін аяқталатынын айтты. Алайда комиссия мүшелері жұмысты аяқтау үшін нысанда қажетті құрылыс материалдары жоқ екенін атап өтті.
Марғұлан ауылдық медициналық пунктінде партиялық бақылау бекеті орнатылған. Ол медициналық пункт пайдалануға берілгенге дейін жұмыс істейтін болады.
«ГрадСтрой» ЖШС мердігерлік ұйымының объектілері бұрын жұмыс сапасының төмен деңгейі мен мерзімдердің кешіктірілуі себебінен партиялықтардың назарына түскен болатын.
Аймақтық кеңес мүшелері 20 желтоқсанда нысанға қайта баруға және барлық кемшіліктердің орындалуын тексеруге уәде берді.